Қаржы министрі салық түсімдерінің артығымен орындалуын түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов биылғы жеті айдағы салықтық түсімдер туралы мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылғы жеті айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің негізгі көрсеткіштері өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда, бюджеттің атқарылуының жақсарғанын сипаттайды.

Түсімдер 6 трлн 264 млрд теңгені, яғни есепті кезеңге арналған жоспарға 101,9 пайызды құрады. Шығыстар 6 трлн 466 млрд теңге сомаға немесе 98 пайызға жүргізілді.

Мемлекеттік бюджет тапшылығы 203 млрд теңге сомасында қалыптасты. Бұл жоспарланған сомадан екі есе аз (454 млрд теңге)», - деді Б. Сұлтанов.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік бюджетке 4 трлн 351 млрд теңге кірістер (трансферттерді есепке алусыз) түсті немесе жоспар 104,4 пайызға орындалды. 

Республикалық бюджет кірістері 104,2 пайызға орындалып, бюджетке 3 053 млрд теңге түсті. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 116,2 пайызды құрады.

«Бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда бюджетке салықтар 432 млрд теңгеге көп түсті. Мұндай өсім негізінен қосылған құн салығы - 207 млрд теңге, экспорттық кеден бажы 107 млрд теңге есебінен қамтамасыз етілді.  Осы жерде атап өткім келеді, салықтық және кедендік тексерулердің саны 52,6 пайызға қысқартылды. Сонымен қатар, корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдердің 2017 жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 34 млрд теңгеге (4%) өсуіне қарамастан, 29,2 млрд теңге сомаға жоспардың орындалмауы байқалды. Негізгі себеп - банк секторынан түсетін түсімдерің азаюы», - деп нақтылады министр.

Бақыт Сұлтановтың айтуына қарағанда, салық төлеушілерге жіберілген хабарламалардың саны 2,8 есеге азайтылды. Осымен қатар, өндіріп алудың үлестік салмағының 17,3 пайызға ұлғаюына қол жеткізілді.

«Бұл ретте, экономиканың барлық салаларында макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсарғанын айта кеткіміз келеді. Нәтижесінде, салық төлеушілер өздерінің табыстарының көлемін ұлғайтуға декларациялар ұсынды. Ол бюджетке қосымша 37 млрд теңгенің түсуіне себеп болды Салық түсімдері көлемінің артығымен орындалуы мен өсуіне «Салықтар жиналымының артуы» жобасын жоспарлы түрде жүзеге асыру да өз әсерін тигізді. Бюджетке жоба есебінен 56,5 млрд теңге (жоспар 45 млрд.теңге) түсті», -  деді ол.

Соңғы жаңалықтар