Қаржы министрі пәтерді жалға алатындар өз құқықтарын қалай қорғау керектігін айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Пәтерді жалға алатындар келісімшартқа отырса, онда тұрғындардың құқықтарын қорғауға заңды негіз болады. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пәтерді жалға алу рәсімі заңда көрсетілген талаппен жүзеге асса, жалға беретіндер пәтерді жалға алып отырған тұрғындарды себепсіз қуып жібере алмайды. Көп жағдайда тұрғындар ауызша келісім арқылы пәтерді жалға алады. Бұл тұрғыда кейін заңмен дәлелдеу мүмкін емес», - деді Е. Жамубаев.

Осы орайда министр пәтерді жалға алатындар өз құқықтарын қорғауы үшін міндетті түрде заңнамада көрсетілген талаппен келісімшартқа отыруы керек екенін айтты.

«Бірнеше айға келісімшарт бекітсе, онда пәтер иесі жалдау құнын кез келген уақытта көтере салмайды. Заңға, сотқа жүгінуге болады. Сонымен қатар пәтерін жалға беріп отырған адам өзінің табысы аясында салық төлеуі тиіс. Аталған шарт болмаса, Мемлекеттік кірістер комитеті бірден тексере алмайды, заңсыздықты анықтауы қиын болады. Сондықтан барлық рәсім заң бойынша жүргізілсе, адамдардың құқығын қорғауға көмектесеміз. Пәтер иелері заңсыз әрекеттерге жол берсе, тұрғындар сотқа жүгіне алады», - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар министрге жалға алынатын пәтерлердің бағасын түсіру мүмкіндігіне қатысты сұрақ қойылды.

«Бұл пәтерді жалға беретін адамдардың позициясына байланысты. Реттей алмаймыз, егер құқықбұзушылық деректері кездессе, салық төлемесе, Мемлекеттік кірістер комитеті пәтер иелерін тексере алады. Сол жағынан көмек көрсете аламыз», - деді Е. Жамаубаев.


Соңғы жаңалықтар