Қаржы министрі банкроттық кезінде жалғыз баспананы қалдыру мәселесі талқыланатынын айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жеке адамдарды банкрот деп жариялау рәсімі кезінде жалғыз баспананы қалдыру мәселесі Үкіметте және Парламентте талқыланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан кепілге қойылған жалғыз баспананы алып қоюға тыйым салу мүмкіндігіне қатысты сұрақ қойды.

«Бұл күрделі мәселе болып тұр. Сондықтан оны әлі де талқылаймыз. Заң жобасын екінші оқылымға дейін талқылау кезінде ортақ пікірге, келісімге келуіміз керек. Бұл ретте артықшылығы мен кемшілігі де бар. Негізі, әр азамат баспаналы болуы керек», - деді Е.Жамаубаев.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысыда депутат Азат Перуашев жалғыз баспананы алып қоюға тыйым салу керек екенін айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасы мен ілеспе құжаттар бірінші оқылымда мақұлданды.

Сомасы 4,9 млн теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды.


Соңғы жаңалықтар