Қаржы министрі алдағы жылдардағы бюджеттің кірістері туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы 9,2 трлн теңгені құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздердің қарауларыңызға «2022 - 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы ұсынылып отыр. Заң жобасы бюджет заңнамасының соңғы өзгерістерін ескере отырып, еліміздің 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленді. Бұл әрбір азаматтың әл-ауқатын жақсартуға және экономиканы біртіндеп қалпына келтіруге бағытталған. 2022 жылы түсімдер биылдың жоспарымен салыстырғанда 431 млрд теңгеге ұлғая отырып, 13 трлн теңге деңгейінде болжанды. Мұнайлы емес түсімдер 1,8 трлн теңгеге немесе 25,1%-ға ұлғаюмен қарастырылды», - деді Е. Жамаубаев.

Оның айтуынша, мұнайдан түсетін түсімдерді біртіндеп Ұлттық қордың қаражатын жинақтау режиміне оралуға байланысты 1,3 трлн теңгеге төмендету қарастырылған.

«Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт келесі жылға 2,4 трлн теңге мөлшерінде анықталды, ол біртіндеп 2024 жылы 2,0 трлн теңгеге дейін төмендейді. Нәтижесінде, мұнайлы емес түсімдердің үлесі ағымдағы жылы 56,4%-дан 2024 жылы 71,4%-ға дейін өсетін болады», деді министр.

«Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы 9,2 трлн теңгені, 2023 жылы-

9,7 трлн теңгені, 2024 жылы 10,4 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,3%-нан кезең-кезеңмен 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,5%-на дейін төмендеуімен жоспарланған. Бұл ретте мұнайлы емес тапшылық көрсетілген кезеңде жалпы ішкі өнімнің 8,1%-нан 6,3%-ға дейін төмендейді», - деді ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар