Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» еңбегі жарыққа шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі түркітанушы ғалым, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты үш томдық іргелі еңбегінің тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кітаптың таныстырылымына белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, ақын-жазушылар мен тарихшылар қатысты.

«Көне түркі тарихы немесе түркі этностарының, яғни біздің ата-бабаларымыздың бағзы бастауының есте жоқ ескі замандардан тамыр тартса да, өкінішке қарай үзілген және ұрпағы ұға алмаған кезеңдері аз емес екенін білесіздер. Сол ақтаңдақтар ғасырлар тереңіне көміліп, бүгінгі там-тұмдап жеткен жазба мұралары арқылы халқымен қауышып жатыр. Қалың оқырманға ұсынылып отырған «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» деп аталатын толайым еңбек осы ақтаңдақтардың орнын толтыруға арналған. Авторы – алдарыңызда отырған Қаржаубай Сартқожаұлы. Жалпы бұл ғалым жай адам емес. Бағзы Түркі қағанатының жұртында өскен тұлға. Бұл еңбек байырғы түркілердің ерте, орта ғасыр дәуірінде өз қолымен жазып қалдырған қайталанбас мұрасының жинағы. Бұл құндылықтар зерттелгенімен құпиясын әлі ашпаған», - деді кітаптың таныстырылымында Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Сыдықов.

«Орхон ескерткіштерінің толық атласында» Еуразия Ұлы даласына үш ғасыр бойы билік жүргізген, Мәңгілік ел орнатуды көксеген, өздерінің тарихын, дүниетанымын, даналығын, ой-санасын, болмысын, жазу өнерін, ел басқару жүйесін, ата дәстүрін өшпестей етіп тасқа қашап кеткен, сөйтіп, өркениетке, адамзат мәдениетіне асыл қазына қосқан байырғы түріктердің мұралары түгел қамтылған.

Алтай, Орхон, Сэленгі, Керулен бойынан табылған Көк түрік империясы дәуіріндегі (500-900 жж) тас ұстынға 2000 жыл бұрын қашап жазған түпнұсқада тарих, тіл әдебиет (сөз өнері), сөз аспабы, байырғы архитектура және философиясы мен салт-дәстүрлерінің мұралары қамтылған. Бүгінгі қазақтың салт-дәстүрлері сол дәуірден қалыптасқанына көз жеткізеді.

Атласта Моңғолия-Чехия, Моңғолия-Түркия (ТИКА), Моңғолия-Кеңес одағы біріккен экспедицияларының, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті экспедициясының материалдары, сондай-ақ әлем түріктанушыларының ғасырдан астам уақыт жүргізген зерттеулерінің қорытындысы пайдаланылған.

Атлас авторы байырғы түрік мәтіндерін қайта көшіріп, қайта оқыған, сондай-ақ бұрынғы зерттеушілердің қателері түзетілген, түпнұсқа мәтінінің жаңа транскрипциясы, жаңа аудармасы жасалған, жаңа түсініктемесі берілген; жартылай көшпелі дәуірдің тарихи-мәдени мұралары Атласта тегіс қарастырылып, олардың археологиялық сипаттамасы, фото, сызба суреттері тұңғыш рет толық берілген.

Атлас тілші, тарихшы, этнограф, археолог, философ, әдебиетші және мәдениеттанушы мамандарға, сондай-ақ студенттерге, магистранттарға, аспиранттарға, ізденушілерге арналған.

Айта кетсек, 1947 жылы 22 наурызда Моңғолияның Баянөлгей өлкесінде дүниеге келген. 1973 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін бітірген. 1985–1988 жылдары Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасында оқыған. 1973–1975 жылдары Баянөлгей аймағында №10 мектепте ұстаз, 1975–1989 жылдары Моңғолия ҒА Тарих институтының аға ғылыми қызметкері, 1989–1995 жылдары Түркі-Қазақ ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері, директоры, 1995–1998 жылдары Баянөлгей аймақтық мәслихат төрағасы, 1995–1998 жылдары Моңғолия ҒА Түркі-Қазақ ғылыми орталығының директоры болған. 2001 жылдан Еуразия Ұлттық университетінің Эпиграфика және этнография зертханасының меңгерушісі. Тарих ғылымының кандидаты, профессор. «Қош бол, апа!», «Қыранның қазасы», «Сәйгүліктер» атты көркем прозалық кітаптардың, 100-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы.


Соңғы жаңалықтар