Карзай Қазақстанға 2 млн доллар көлеміндегі көмегі үшін алғыс айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Ауғанстан сыртқы істер ведомствосы арасындағы кезекті консультациялар басталды. Ислам Республикасының делегациясын сыртқы істер министрінің орынбасары Хекмат Халиль Карзай бастап келді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өз сөзінде Карзай мырза Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланғанымен құттықтап, Ауғанстанның еш ойланбастан Қазақстанға дауыс бергенін жеткізді. Алдағы уақытта еліміздің осы қызметтегі бастамаларына қолдау білдіретінін де атап өтті. Осыдан кейін мәртебелі мейман қазақ xалқының Ауғанстанға берген көмегі үшін алғыс айтты.

«Ауған елі қиыншылық көргенде Сіздер демеу болып, сан алуан проблемаларды шешуге көмек бердіңіздер. Сіздер ауған жастарына мыңдаған стипендия тағайындап, Қазақстанның маңдайалды жоғары оқу орындарында білім алуға жағдай жасадыңыздар. Олар генетика және тағы басқа ғылым салалары бойынша оқып жатыр. Дәл осы жастар ертең өз елін алға сүйрейді. Біз оны жақсы түсінеміз. Сосын 2 млн. доллар инвестиция құйғаныңыз үшін де алғысымыз шексіз. Осы ақшаның арқасында біраз мәселе шешілді», - деді Карзай мырза.

Ауған делегациясын қабылдаған ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ақылбек Қамалдинов Қазақстанда атқарылып жатқан шараларға қысқаша шолу жасап, екі ел арасындағы байланыстардың нығайып келе жатқанын тілге тиек етті. Консультация кезінде тараптар президенттер деңгейінде қолға алынған шараларды пысықтап, алдағы жоспарларды талқылап шықты.

Соңғы жаңалықтар