Қарызды көбейте бермей, қолда бар қаржыны дұрыс пайдалану қажет – Әшімбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бюджет қаржысын оңды-солды шаша бермей, тиімділігін арттыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір бәріміз «Жаңа Қазақстанды» құруға белсенді кірісіп жатырмыз. Бұл жолда барлық салада жаңа қадам, тың көзқарас қажет екені анық. Соның ішінде республикалық бюджетті қалыптастыруда да жаңа тәсілдер керек деп есептейміз. Президентіміз айтқандай, Жаңа Қазақстан дегеніміз – ең алдымен әділетті Қазақстан. Сол себепті бюджетті қалыптастыру ашық, әділ, тиімді жүргізілуге тиіс. Бұл – халықтың талабы және Мемлекет басшысының бізге жүктеп отырған басты міндеті», - деді М. Әшімбаев Сенаттың бүгінгі отырысында.

Осы ретте бөлінетін қаржының және жоспарланған жұмыстың нақты нәтиже беруі маңызды.

«Республикалық бюджеттің әр теңгесі орнымен бөлініп, тиімді жұмсалуға тиіс. Ұлттық қордың да қаржысын дұрыс пайдаланған жөн. Бюджет дефицитін сырттан қарыз алып қаржыландыру мәселесін де пысықтаған абзал. Қарызды көбейте бермей, бар қаражатты дұрыс пайдалану қажет. Сондықтан бюджетті қараған кезде нәтиже бермейтін науқандық шараларды қаржыландыруға жол берілмеуі керек. Бұл мәселені депуттар бақылауда ұстайтын болады. Қазір бүкіл әлем тығырыққа тіреліп тұр. Мұндай сәтте бар қаржыны оңды-солды шаша бермей, республикалық бюджеттің тиімділігін арттыруымыз керек. Үкімет мүшелерінен, әкімдер мен басқа да лауазымды тұлғалардан алдағы уақытта осы мәселелерді ескеруді сұраймыз», - деді Сенат төрағасы.

Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022–2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» ҚР Заңына өзгеріс енгізу туралы» және «2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады.

Бұл түзетулер аясында сәуір айынан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер қосымша 4 пайызға артады. Жалпы зейнетақының орташа мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға өседі.


Соңғы жаңалықтар