Қарулы күштер ардагерлері әскерге шақыру тәртібін жақсартуды ұсынды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарулы күштер ардагерлері қазіргі заманғы талаптарды ескере отырып, әскерге шақыру тәртібін жақсарту қажет деп есептейді. Бұл туралы олар Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовпен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұхтар Алтынбаев, Талғат Мұсабаев, Бақытжан Ертаев, Ратмир Комратов, Марат Нағұманов және Қарулы күштердің басқа да ардагерлері қатысқан кездесуде Президент Жолдауының негізгі бағыттарына назар аударылды.

Министр Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жақын арада қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттырудың кепілі болатынын атап өтті. Сондай-ақ, Қарулы күштерді кешенді және жүйелі жетілдіруді қамтамасыз ету, бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен қабілетін арттыру, әскери инфрақұрылымды жаңарту мен ведомствоаралық үйлестіруді күшейту мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Кездесу барысында әскерге шақырылуға дейінгі жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру, әскери оқу орындарына үміткерлерді қабылдау мәселелері қозғалды.

Қорғаныс министрі ардагерлерге жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, бұл ынтымақтастықтың сапалы, жаңа деңгейге шығатынына сенім білдірді.

Ардагерлер қазіргі заманғы талаптарды ескере отырып, әскерлердің жауынгерлік даярлығына жаңа тәсілдерді енгізу тұрғысынан армияда болып жатқан өзгерістерді атап өтіп, әскерге шақыру тәртібін жақсарту және жеке құрамды патриоттық рухта тәрбиелеу жөнінде ұсыныстарын айтты. Қарулы күштердің ардагерлерін ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысына белсенді қатыстыру туралы бастама да көтерілді.

Айта кетсек, қорғаныс ведомствосы шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәліктерден бас тартуды, сондай-ақ әскери қызмет өткермеген азаматтарға әскери билет беруді алып тастауды ұсынған болатын.

Соңғы жаңалықтар