Қару сатып алудың жаңа ережесі күшіне енді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде пневматикалық және сигналдық қару, газ баллонын сатып алудың жаңа ережесі күшіне енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Енді азаматтар қару сатып алу үшін оны сататын дүкенде кәмелеттік жасқа толғанын дәлелдеу қажет. Сондай-ақ, сотталмағаны туралы және медициналық анықтамалар ұсынып, қару ұстаудың қауіпсіздік ережелерін білетіндігін дәлелдеуі керек», - деді ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов.

Оның айтуынша, мұндай шара полицияның рұқсатынсыз сатылған қарумен жасалатын қылмыстың саны көбейгендіктен қолға алынып отыр.

«Үй ауласында ойнап жүрген балаларды пневматикалық тапаншамен қорқытқан мас адамды полиция өкілдерінің ұстаған видеосы әлеуметтік желіге тараған болатын. Сол оқиға сөзімізге мысал бола алады», - деді М. Байболов.

ІІМ дерегі бойынша, 2017 жылдан бастап пневматикалық қару көмегімен 129 қылмыс жасалған. Оның 28-і қарақшылық, 79-ы бұзақылық, үшеуі кісі өлтіруге оқталу ретінде тіркелген.

Ал 2018 жылы Қазақстанға спорттық шараларда белгі беруге арналған 4 мыңнан астам сигналдық қару әкелінген.

Соңғы жаңалықтар