Қарттар күні: СҚО-да «Қайырымды көрші» терминін енгізу ұсынылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин Қарттар күні мерекесі қарсаңында ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, қазіргі зейнеткерлердің тұрмыс-тіршілігі жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Зейнеткер дегенде көбіне немере-шөбересін баққан, балаларының ортасында отырып, олардың тілеуін тілеген ата-әже көз алдымызға келеді. «Елу жылда ел жаңа», бүгінгінің зейнеткерлері қандай?

Петропавлда 44 572 зейнеткер тұрады. 19 ҰОС ардагері, 2972 адам – тыл еңбеккері, оның ішінде 82 адам соғыс жылдарында ерен еңбегімен көзге түсіп, марапатқа ие болғандар. Олар да соғыс ардагеріне тең деп айта аламын, өйткені, қаршадайынан еңбекке араласып, соғыс жылдарында ересектердің орнын басып жұмыс істеген. 222 бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Біздің зейнеткерлеріміздің арасында лауазымды қызмет атқарып, қоғам өміріне белсене қатысқандары жетерлік. Олар зейнет жасына шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырған жоқ.

Мәселен, демократиялық өзгерістерге байланысты құрылған қоғамдық кеңес деген ұйымымыз бар. Ол жерде үлкен мәселелер шешіліп, айтылып жатыр. Сол кеңестегі 8 адам біздің зейнеткер. «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің бюро мүшесі – 4 адам зейнет жасында. Петропавлдағы пәтер иелері кооперативтерінің 40%-дан астамын біздің зейнеткерлер басқарып отыр. Қаланы абаттандыруда, аулаларды жөнге келтіруде олардың рөлі зор. Яғни, зейнеткерлер үйде төрт қабырғаға қамалып отырған жоқ.

Сіздер байқасаңыздар, қоғамдағы өзгерістерге байланысты, саяси-демократиялық реформаларға байланысты саяси науқан кезінде, мысалы, сайлауда біздің зейнеткерлердің белсенділігін атап өтуге болады. Олар тек қана өздері ғана емес, өз отбасы мүшелерін де сайлауға баруға міндеттейді. Сайлау комиссияларында, учаскелік комиссияларда негізінен зейнеткерлер отырады. Осыны ескеруге тиіспіз. Біздің зейнеткерлерге зейнет демалысына шыққаннан кейін үйде отыру міндет емес.

Қарияларға осы белсенділіктен таймауға кеңес беремін. Ұстанымы бар зейнеткерлер қоғамның нағыз қозғаушы күші. Қазір халықтың үніне құлақ асатын мемлекет деп жатыр ғой, сол халықтың үнін кім айтады?! Өмірлік тәжірибесі бар, қызмет еткен, өмірдің ащысы мен тұщысын көрген, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осы мемлекетті құрған адамдар – зейнеткерлердің қоғамдағы рөлі үлкен. Осы деңгейден түсіп қалмауымыз керек. Зейнет уақытында демалысыңды ұйымдастыра білу, спорттық, мәдени іс-шараларға қатысу – зейнеткерлердің бүгінгі міндеті.

Дегенмен, көмекке мұқтаж зейнеткерлеріміз де бар ғой?

Облыс орталығында әлеуметтік жағдайы төмен 818 жалғызілікті қариямыз бар. Солардың 490-ына әлеуметтік қызметкер бекітілген. Ар жағында 300 адамдай қалып отыр, сол кісілердің жағдайы бізді қатты алаңдатады. Көбі жер үйлерде тұрады. Қала әкімінің пәрменімен біз осы адамдарға көмір, отынмен көмектесеміз. Кейбірінің үйлеріне жөндеу жүргізілді. Биыл да осы жұмысты жалғастырамыз. Олардың тізімі бізде бар. Мүгедектер де жетерлік.

Осыған байланысты қала тұрғындарына айтар ұсыныс-өтінішім бар. Көп қабатты үйдің бір подъезінде жалғызілікті адам тұрса, соның көршілері оны қамқорлығына алса. «Қайырымды көрші» деген терминді енгізсек. Ол сенің туысың болмаса да, бір шаңырақта тұрып жатырсың ғой. Қарт адамға көңіл бөлсең, қарайлассаң, дүкеннен керек азық-түлігін әкеліп берсең деген сияқты. Көршіңіздің жағдайын біліп, есігінің ашылғанын қарап отырыңыз. Тіпті өзіңіз көмектеспесеңіз, хабарласыңыз. Ардагерлер кеңесі бар, әлеуметтік мекемелер, волонтерлер қоғамы бар. Есігі ашылмаған, бірнеше күннен кейін барып қайтып кеткен адамды тапқан деген ол біздің қоғамға жат қылық. Біздің мемлекет зайырлы ғана емес, қайырымды мемлекет. Осындай саясатқа біз де араласайық. Көршілерге қайырымды болайық дегім келеді.

Қазіргі уақытта зейнеткерлерге қандай жеңілдіктер бар? Қарттар күніне орай көмек көрсетіледі ме?

Қарттар күні ерекше мереке. Қазақ үлкенге ізет, қарияға құрмет көрсеткен халықпыз ғой. Бұл біздің ұлттық кодымыз, ерекшелігіміз. Сондықтан қарттар күнінде ғана емес, оларға жыл бойы қамқорлық жасау біздің міндетіміз.

Қаладағы мекеме, кәсіпорын басшыларына осы күндері санитарлық нормаларды сақтай отыра өз ұйымдарыңызға ардагерлеріңізді шақырсаңыздар, марапаттасаңыздар деп айтқым келеді.

Біздің өңірдің ерекше бір мақтанышпен айтатын іс-шаралардың бірі – қайырымдылық сенбіліктері. Мерейтойы өтетін, өмірден кеткен ардагерлер бар, солардың барлығына қаржы керек. Сондықтан осы сенбілікке түсіністікпен қарап, тұрғындар бір күндік еңбекақыны бастауыш ардагерлер ұйымына бөліп жатса, көптеген жұмыстарды атқаруға болады. Ертең сен де қарт боласың, сонда сенің де алдыңа келеді деген сияқты айту керек.

Бұдан басқа Петропавлда 80 жастан асқандар қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Біздің қалада осындай шешім қабылданған, бұл қуанарлық жайт. Әдетте, 1 қазан күні мерекеге орай зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жүреді, биыл да бұл дәстүр жалғасады деген ойдамын.


Соңғы жаңалықтар