Қарттар күні: СҚО-да ауыл зейнеткерлерінің спартакиадасы өтті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Қарттар күніне орай ауылдық округтер зейнеткерлерінің арасында спартакиада өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылжар ауданы Бескөл ауылында зейнеткерлер арасында өткен спартакиада – дәстүрлі. Былтыр індетке байланысты кездесе алмаған ата-әжелер, бұл спартакиаданы асыға күткен екен. Ардагерлер кеңесі ұйымдастырған іс-шараға аудандағы 19 ауылдық округ зейнеткерлері өз командасын әкелген. Олар шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, дойбы және дартс сияқты спорт түрлерінен жарысты.

Жетпісбай Базылов Рощинское елді мекенінің тұрғыны. Зейнеткер спартакиадаға тоғызқұмалақ ойнау үшін келіпті.

«Тоғызқұмалақты тоқсаныншы жылдары үйрендім, оған дейін бұл ойынды білмедік қой. Қазір немерелерімді баулып жүрмін. Спартакиадаға қуана-қуана келдім. Індетке байланысты ешқайда шыға алмай қалдық қой. Бүгін қаншама таныс-жолдастарды көріп, сергіп қалдым», - дейді ауыл тұрғыны.

Қызылжар ауданында ғана 9 мыңнан астам зейнеткер бар, соның 2 мыңы Бескөл ауылында тұрады. Биыл аудан орталығынан үш команда қатысуға өтініш білдірді, олардың екеуі – білім беру және құқық қорғау органдарының зейнеткерлерінен құрылған.

«Спартакиадаға зейнеткерлеріміз алдын ала дайындалады, күтеді. Бұл – олар үшін үлкен мереке. Дастархан жайып, шәй әзірледік. Түскі ас береміз. Концерт дайындадық. Десек те, пандемияға байланысты биыл қатысушылардың саны жылдағыдан екі есе аз, сақтық шараларын ұстануға тура келіп отыр. Бүгінгі жеңімпаздарға, спартакиадаға қатысушыларға сыйлықтарымыз бар. Ешқайсы ескерусіз қалмайды», - дейді Қызылжар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Боранбай Қожахметов.


Соңғы жаңалықтар