ФУТБОЛДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ-2022

Қарттар күні елордада қалай атап өтіледі

2022 жылғы 29 қыркүйек, 15:49
Қарттар күні елордада қалай атап өтіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 қазанда Қазақстанда Қарттар күні атап өтіледі. Осы мерекеге орай елордалық мәдениет, білім беру, спорт мекемелері аға ұрпаққа қамқорлық, құрмет көрсетуге бағытталған көптеген іс-шара өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана әкімдігінің ресми сайтында мәлім етілгендей, 20-29 қыркүйек аралығында әлеуметтік желілерде балалар ата-әжелерін құттықтаған роликтер челленджі ұйымдастырылып жатыр. Осы аптада аудан әкімдіктері жалғыз тұратын зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік себетін жеткізеді. 29 қыркүйекте «Өндіріс» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Қарттар күніне орай белсенді зейнеткерлер арасында тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, үстел теннисінен жарыстар өтеді.

Қаланың орталықтандырылған кітапхана жүйесі 29 қыркүйекте сағат 12:00-де №5 балалар кітапханасында «Қарттықты құрметтеу керек» атты балалар шоуын ұйымдастырады. Ал 30 қыркүйекте сағат 15:00-де №2 балалар кітапханасында «Күздің жасы әдемі» атты кездесу кеші өтеді.

30 қыркүйекте «Еріктілер мектебі» жобасы аясында «Қамқорлық мекенжайлары» акциясын «Астана жастары» КММ өткізеді. Бұл күні волонтерлер жалғыз тұратын қарт астаналықтарға барып, оларға азық-түлік себеттерін табыстайды.

Мерекеге орай барлық мектептер мен балабақшаларда аға буынға қамқорлықпен қарауға қатысты сынып сағаттары мен ашық сабақтар өткізіледі.

Қыркүйектің соңғы күні қарттар «Джинс жұмағы» атты тігін курсынан конкурсқа қатыса алады.

Сол күні «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының акт залында «Золотые россыпи» концерті ұсынылады.

1 қазан күні сағат 12:00-де «Наз» мемлекеттік би театры «Қариялар-халық қазынасы» қайырымдылық концертіне шақырады.

3 қазан күні сағат 18:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толуына орай «Ардагерлер ұйымының шежіресі/Летопись ветеранского движения»атты концерт өтеді.

Қарттар күніне орайластырылған қазан айының мерекелік бағдарламасында шахматтан дәстүрлі спорттық фестиваль, тоғызқұмалақтан қалалық ашық турнир және басқа да көптеген іс-шара бар.


Фото: www.tagesspiegel.de


Теги:
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar