ФУТБОЛДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ-2022

Қарттар күні: Ардагерлер ән айтып, би биледі

2022 жылғы 1 қазан, 00:13
Қарттар күні: Ардагерлер ән айтып, би биледі

ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат – Жетісу облысы Жаркент қаласындағы аудандық мәдениет үйінде «Республикалық ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің 35 жылдығы аясында аудан ардагерлері арасындағы «Өнерім - өмірім» атты өнер фестивалінің қорытынды концерті болып өтті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл аудандық өнер фестивалі «Республикалық ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Панфилов аудандық филиалының төрағасы Тоқтарбай Әкімұлы Керімқұловтың басшылығымен және аудандағы Жаркент қаласы мен 13 ауылдық округтегі бастауыш ардагерлер ұйымдарының ұйымдастыруымен әр елді мекенде өткен.

Оған «Панфилов ауданы әкімдігінің мәдениет үйі» директоры Мұрат Әлдибекұлы Қатубековтің жетекшілігіндегі өнер адамдары қазылық еткен болатын. Соның нәтижесінде Талды ауылдық округінің өнерпаз ардагерлері бас жүлдеге ие болды. Ал, І, ІІ, ІІІ орындарды тиісінше Қоңырөлең ауылдық округінің, Үшарал ауылдық округінің және Жаркент қаласының өнерпаз ардагерлері иеленді.

Сондай-ақ, бір топ өнерпазға ынталандыру және жекелеген номинациялар бойынша жүлделер тапсырылды. Барлығына дипломдар мен ақшалай сыйлықтар берілді.

Аудандағы әрбір өнерпаздар ұжымдарынан іріктелген қорытынды концертті «Республикалық ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Жетісу облыстық филиалының төрағасы Ермек Келемсейіт бастап келген өнер тарландары тамашалап, сарапқа салды. Мұнда таңдап алынған үздік нөмірлерді облыстық гала концертке қатыстыратындықтарын айтты.


Нұрәділ Бегімбет


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar