Картоп бағасының өсуіне жол бермеу үшін не істеледі - министр жауабы
2021 жылғы 22 маусым 12:36

Картоп бағасының өсуіне жол бермеу үшін не істеледі - министр жауабы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов алдағы уақытта картоп бағасының өсуіне жол бермеу үшін қандай қадамдар жасалатынын айтты. Министрдің пайымынша, бұл мәселеде мемлекеттік әрі жергілікті атқарушы органдар, бизнес қоғамдастық, сондай-ақ фермерлер өзара іс-қимылда жұмыс істесе, нақты нәтиже болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде бұл қоғам мен бизнесті алаңдатып отырған өзекті мәселе. Әсіресе, әлеуметтік желілерде сын айтылып жатыр. Бірақ нарықта қалыптасқан бұл жағдай ұсыныс пен сұраныс теңгерімінің және өңірлер арасындағы көкөніс өнімдері бойынша сауда қатынастарының үзілуіне байланысты туындап отыр. Мұндай жағдайды бізде ғана емес, көршілес елдерде де көріп отырмыз», - деп тоқталды Б. Сұлтанов онлайн режимде халық алдында есеп беруі кезінде.

Оның айтуынша, Ресейде сұраныс артып отыр. Сондықтан елімізде картоп бағасының шарықтауына жол бермес үшін тиісті ақпараттық жүйелердің мүмкіндігі назарға алынады.

«Бұл жағынан экспорттық сұраныс пен импорттық мүмкіншіліктерді қарап отыру керек. Мысырдан, Пәкістаннан және басқа елдерден алып келсек, бұл қымбат көкөністер жалпы бағаның көрсеткіштерін көтеріп тұрады. Осы орайда көршілес елдермен бірлесе бұл проблеманы шешуге тырысатын боламыз. Өзбекстанда да көкөніс бағасы едәуір көтеріліп отыр. Сонымен қатар, етке сұраныс болғаннан кейін, былтыр біздегі еттің экспорты едәуір өсті. Бұл өз кезегінде ішкі нарықта бағаға әсерін тигізетіні анық», - деді Б. Сұлтанов.

Оның пайымынша, бұл мәселеде мемлекеттік әрі жергілікті атқарушы органдар, бизнес қоғамдастық, сондай-ақ фермерлер өзара іс-қимылда жұмыс істесе, нақты нәтиже болады. Сонда ғана өнім бағасы күрт көтерілмейді.


Ұқсас жаңалықтар
Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT