Қартайса да қайраты қайтпаған Мұхамедолла Ағзамов қол күрестен әлемді бағындырды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Қол күрестен ардагерлер арасында төрт дүркін Әлем чемпионы, 17 дүркін Азия чемпионы Мұхамедолла Ағзамов биыл жетпіске толады. Бала күнінен спортты жанына серік еткен ол әлі де үздіксіз жаттығып жүр. ҚазАқпарат тілшісі бүгінгі Қарттар күніне орай халықаралық дәрежедегі спорт шеберімен сұхбат құрған болатын.

- Туып-өскен жеріңіз жайлы айтып өтсеңіз.

- 1951 жылы желтоқсан айының 2-і күні Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Өрнек ауылында дүние есігін аштым. Үлгілі малшы ауылындағы орта мектепте білім алдық. 1967 жылы Алматы қаласында орналасқан ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, 1972 жылы тәмәмдадым.

- Спортқа деген қызығушылығыңыз қалай оянды?

- Мектепте оқып жүрген кезімде ауылға әскерден келген жігіттер гір мен зілтемір әкеліп, жаттығып жүрді. Соған қызығып, біз де айналыса бастадық. Міне, сол уақыттан бері 55 жыл өтіпті. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы спортпен шұғылданып келемін. Студенттік шақта еркін күреске қатысқаным да бар.

- Қол күрестен қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?

- Ардагерлер арасында төрт дүркін Әлем чемпионы, 17 дүркін Азия чемпионы атандым. Әр жарысқа жіті дайындықпен аттанамын. Осы жылы 24 қарашада Румынияның Бухарест қаласында қол күрестен Әлем чемпионаты болады. Қазір соған дайындалып жатырмын. Аптасына 3 уақыт бірнеше сағаттан жүйелі түрде жаттығамын. Бұйырса, сол жақтан да жеңіспен оралсақ дейміз.

1992 жылы желтоқсанда Қазақстанда қол күрес және гір спорты федерациясын құрып, соны 12 жыл бойы басқардым. Осылайша, елімізде осы екі спорт түрінің негізі қаланды десек те болады. Бүгінде Дүниежүзілік қол күрес федерациясының вице-президенті және Азияның гір федерациясының президентімін. Осыдан 3 жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысындағы спорт ардагерлері кеңесінің төрағалығына сайландым.

- Осы спорт түрінің қиыншылықтары қандай?

- Жалпы кез келген спорттың қиыншылықтары бір біріне ұқсас болады. Бірінші кезекте жалқаулықты жеңіп, жаныңды салып шұғылдану керек. Үздіксіз жаттығып, зиянды әдеттерден аулақ жүрген жөн. Жаттығу кезінде құр жұлқына бермей, әр қимылыңды не үшін істеп жатқаныңды түсінуің қажет.

- Жасыңыз ұлғайған сайын спортпен шұғылдану ауырлай түсетін шығар?

- Алдағы желтоқсанда жетпіске толайын деп отырмын. Құдайға шүкір, әзірге еш кедергісіз спортпен айналысып келеміз. Бір аптада 7-8 сағаттай жаттығу жасап, гір көтеремін. Есептесем, бір жаттығуда жалпы 10-15 тонна темір көтереді екенмін. Қандай да бір нәтиже болу үшін осылай еңбектену шарт. Тек қиындықтарды еңсеріп қана биік шыңдарды бағындыруға болады.

- Қандай да бір диета ұстайсыз ба?

- Жоқ. Көңілім қалаған тамақты жей беремін. Той-томалақта, қонаққа барғанда жайнап тұратын дастархандағы түрлі тағамнан шектеусіз дәм татамын.

- Отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз.

- 3 баламнан күннен ыстық, мамықтан жұмсақ көретін 5 немерем бар. 2008 жылы қайтыс болған үлкен ұлым Берік зілтемір көтеруден Қазақстан чемпионы болған. Ал қызым мен кіші ұлым қазір Өскеменде жеке кәсіппен айналысады.

- Әңгімеңізге көп рахмет!




Соңғы жаңалықтар