Қарсыластарымыздың осалы жоқ - Бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Олимпиадаға 5 жолдама жеңіп алдық екен деп, босаңсуға әлі ерте. Бұл туралы бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев айтты.

ҚазАқпарат тілшісі осы күндері Олимпиадаға іріктеу турнирі өтіп жатқан Иорданияның Амман қаласында жүрген бас бапкерге әлеуметтік желі арқылы хабарласқан еді.

- Ғалымбек Қалиұлы, кешегі күн, яғни Нұрсұлтан уақытымен 8 наурыздан 9 наурызға қараған түн өзіңіз баптайтын боксшылар үшін аса сәтті болғаны белгілі. Шаршы алаңға шыққан 5 боксшыңыздың бесеуі де Олимпиадаға жолдама алды. Қуанышыңызбен бөлісе кетсеңіз...

- Әрине, бұл ұлкен жетістік. Бірақ, Олимпиадаға 5 жолдама жеңіп алдық екен деп, босаңсуға әлі ерте. Бүгін де лицензияға таласатын үш боксшымыз бар. Сондықтан, жарыс аяқталмай жатып, бөркімізді аспанға атуға болмайды.

- Амман қаласына аттанар алдында қанша жолдама алу жоспарланған еді?

- Негізі, 6 жолдамаға қол жеткізсек деген жоспарымыз болған. Ал, жоспарды артығымен орындап жатсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

- Жалпы іріктеу турнирі қалай өтіп жатыр? Қалған үш лицензияға қол жеткізу мүмкіндігіміз жайлы айта кетсеңіз?

- Бұл жай турнирлердің бірі емес, Токиоға жолдамалар сарапқа салынып жатқан дода. Сондықтан барлық елдің боксшылары жоғары дайындықпен келген. Ұйымдастыру жағы да жоғары деңгейде. Өздеріңіз тікелей эфирден көріп жатқан боларсыздар, қарсыластарымыздың осалы жоқ. Енді қалған үш боксшымыз жолдама үшін барын салатыны анық. Ал лицензия ұтып алғандары алтын медаль үшін аянбай жұдырықтасады деген үміттеміз.

- Алғашқыда Олимпиадаға іріктеу турнирі Қытайда өтуі тиіс еді. Алайда, коронавирустың өршуіне байланысты өтетін орнымен қатар, уақыты да өзгерді. Бұл өзгерістердің боксшыларға кері әсері болды ма?

- Жоқ, ешқандай кері әсері болып жатқан жоқ. Боксшыларымыз өзгерістерге байланысты бабын жоғалтқан жоқ. Барлығы өзіміздің жоспарымыз бойынша өтіп жатыр.

- Әңгімеңізге рахмет! Толық құрамда жолдама жеңіп алуға тілекшіміз....

Еске салайық, 8 наурыздан 9 наурызға қараған түні ерлер құрамасынан 5 боксшымыз Олимпиада лицензиясын жеңіп алды. Олар - 69 келі салмақта Абылайхан Жүсіпов, 81 келі салмақта Бекзат Нұрдәулетов, 91 келі салмақта Василий Левит, 75 келі салмақта Әбілхан Аманқұл және аса ауыр салмақта (+91) ел намысын қорғап жатқан Қамшыбек Қоңқабаев.

Әйелдер құрамасынан Токиоға әзірге Надежда Рябец баратыны белгілі.


Соңғы жаңалықтар