Қаршыға атты сәйгүлік иесі «Сhevrolet Niva» көлігін жеңіп алды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Есіл тұрғыны Жақсылық Құсайыновтың тұлпары туған өлкенің мерейтойы аясында ұйымдастырылған аламан бәйгенің жүйрігі атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Есіл ипподромында қаланың 55 жылдығына арнап ат жарысы өткізілді. Онда республиканың 20 өңірі мен елді мекендерінен келген сәйгүліктер 7, 14 шақырымдық бәйге және 21 шақырымдық аламан бәйге бойынша жарысты. Жарыстың жүлде қорына 2 жеңіл көлік қойылды.

«Бәйге қорытындылары бойынша, 7 шақырымда Шығыс Қазақстан облысынан келген Есентұр шабандоз Иман атымен жеңіске жетті. 14 шақырымда Сабыр атты тұлпарымен жарысқан ШҚО тұрғыны Мықтыбек үздік атанып, «LADA Granta» көлігін жеңіп алды. 
Қызу өткен аламан бәйгеге тігілген «Сhevrolet Niva» автомобилін Қаршыға атты тұлпарымен Есіл тұрғыны Жақсылық Құсайынов ұтып алды.
Шабандоз Қадыржан жарыста шеберлігін танытып, соңғы метрлерде Аян Жоламаннан жеңісті жұлып әкетті», - дейді ведомство өкілдері.

Астанадан келген Иван Шатховичтің командасының өнері көрермендердің көзайымына айналды. Бапкер Ержан Мағжаевтың белгілі шәкірттері - Виктория Котина, Дарья Жаракова, Мария Игупаева, Абзал Нарынбайлар шабандоздық және ұлттық ат спорты бойынша тамаша өнерлерін көрсетті.

Соңғы жаңалықтар