Қармақшыдағы Жыраулар үйінің шәкірттері Әзербайжанда жеңімпаз атанды

None
None
ҚАРМАҚШЫ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында көнеден келе жатқан қастерлі дүние - жыраулық өнерді дәріптеуге ерекше мән берілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда Жыраулар үйінде Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бағытында игілікті істер атқарылып келеді.

Жыраулар үйі 2006 жылы Қармақшы ауданының орталығы - Жосалы кентінде тұсуын кесті. Оған кезінде жыраулық өнерді дәріптеу бағытында үлкен үлес қосқан Көшеней Рүстембековтің есімі берілді. Содан бергі жылдарда бұл орын кәсіпорын ретінде қызметін жалғастырып, жас ұрпаққа ұлағат сыйлайтын қасиетті шаңыраққа айналды.

Бүгінгі таңда мұнда барлығы алты үйірме бар. Оның бесеуі жыраулық өнерді дәріптеуге бағытталған. Халық арасында жиі айтылатын «Сыр елі - жыр елі» деген нақыл сөзді жергілікті өнер иелері осылайша кеңінен дәлелдеп, қаншама ғасырдан бері сақталып келе жатқан дәстүрлі өнердің деңгейін биіктете түсті. Қазіргі күні өнер ордасында жүзден астам жас өрен алдыңғы буынның дәрісін тыңдап, жыраулықтың мөлдір бұлағынан шөлін қандырып келеді.

Жыраулар үйінің Тұрмағамбет, Көмекбаев, Қуаңдария, Ақжар ауылдарында бөлімшелері жұмыс жасайды. Бұл шаңырақта Көшенейдің туған інісі Бидас Рүстембеков қызмет атқарып, шәкірт баулу ісіне зор үлесін қосып отыр. Бүгінде шәкірттер халықаралық деңгейдегі өнер шараларында жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Солардың бірі - Арай Оңғарқызы бұл бағытта зор табыстарға қол жеткізіп үлгерді. Сондай-ақ, Өнер үйінің ұстаздары да тиісті орындардан алғыс хаттар алып, мақтау қағаздарына ие болып жүр.

Жыраулар үйінің шәкірттері Әзербайжанда өткен Мугам фестивалінде еліміздің абыройын асқақтата түсті. Әлемнің 16 мемлекетінен жас өнерпаздар қатысқан мәдени шарада Тоғжан Бақытова мен Ділназ Ташмұхаммед жеңімпаз атанып қайтты. Өнер ордасында тәлім алып жүрген жас өрендер Өзбекстан, Қытай, Ресей және өз еліміздегі байқаулардан үлкен табыстармен оралып келеді.


Соңғы жаңалықтар