Қармақшы тұрғыны 40 мың шөлмектен баспана салды

None
None
ҚАРМАҚШЫ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты Тұрмағанбет ауылының тұрғыны Зәріп Мысабеков 40 мың шөлмекті кәдеге жаратты. Бұрын бос шөлмектен монша салған азамат енді одан баспана тұрғызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде алпыстың асуынан асқан Зәріп Мысабеков кезінде Беларусь елінде әскери борышын өтеп келген. Онда бос шөлмекті кәдеге жаратуға болатынын көзі көрген. Әрбір жаңашыл іске қызыға қарайтын азамат оны беріде іске асыруға назар аударды.

Ауылда тұратын оның бұл ісіне алғашқыда күмәнмен қараған жерлестері аз болған жоқ. Уақыт өте келе оның сырын түсіне бастады. Қазіргі күні аталмыш елді мекенде Зәріп ағаның бұл ісін жалғастырып, өздеріне қажетті сарай және монша салуға ниет білдіріп жүрген азаматтар баршылық.

Айта кеткен жөн, ол бұдан бұрын аула ішінен монша салып алған еді. Оған барлығы 7 мыңға тарта шөлмек пайдаланған екен. Ойлағаны жүзеге асты. Моншаның өз қалпында болғанын көрген тұрғындар оның қызметін пайдалануға ниет білдіріп жатады.

Одан кейін Зәріп Мысабеков үй салуға жоспар жасады. Оған біршама уақыт қажет екені белгілі. Себебі, оған қажетті бөтелкені жинау оңай емес. Өзінің алға қойған мақсатын орындауға бейімделген шебер уақыт өте келе 40 мың бөтелкені жинап, тұрғын үй құрылысының іргесін көтерді. Бос бөтелкені жинауға ауылдастары, туысқандары көмектескен. Баспананың ұзындығы 12, ені 8 метрге жуық болды. Тұрғын үйді Зәріп Мысабековтің өзі салған. Оған жұбайы Сәуле көмектесті, қолғабыс тигізді. Мұндай тұрғын жайдың өзге баспанадан артықшылығы бар.Температураны бірқалыпта ұстап тұрады. «Қыста үйдің іші жылы, жазда салқын болады», - дейді Зәріп Мысабеков.
null

Жаңалыққа жаны құмар ауыл тұрғыны үйдің сыртын сол күйінде қалдырған. Үйдің ішкі бөлігі ғана сыланған. Сыртында бөтелкелер сол күйінше қалдырылған. Шынының шаңын сүртіп тұрса жетіп жатыр.

«Басында мұндай ғимараттарға сенімсіз болғанымызды жасыра алмаймыз. Алдағы уақытта басқа да нысандар салуды жоспарлап отырмыз. Есік алдынан жылыжай мен дүкен тұғызамыз ба деген ойымыз бар», - дейді шебердің жұбайы Сәуле Ибраева.

Зәріп Мысабеков әзірге зейнет демалысына шыққан жоқ. Ауылда қарапайым еңбек адамы ретінде танылған. Көктем шыға салысымен жерден несібе теріп, түрлі дақылдар өсірумен айналысады.

null

Соңғы жаңалықтар