«Қарлығаш ұя салғанда» телехикаясының екінші бөлімі эфирге шығады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Хабар» телеарнасынан бүгіннен бастап «Қарлығаш ұя салғанда» телехикаясының екінші маусымы жалғасын табады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өткен жылы көрерменнің көзайымына айналған жобаның авторы, әрі продюсері – Гүлнұр Мамасарипова. Басты рөлдерді Еркебұлан Дайыров пен Кәмшат Жолдыбаева сомдайды. Туындының бірінші маусымы - бас кейіпкерлердің көңіл жарастырып, бақытқа кенелулерімен аяқталғаны көпшілік көрерменнің есінде. Алайда екінші маусымының сценарий желісі - өмір бұралаңдары тақырыбы төңірегінде өрбиді.

Телехикаяда отау тігіп, отбасын құруға бел буған Тасқын мен Қарлығаш бүгінгі қоғамның бет-бейнесін қаз қалпында көз алдыңызға алып келеді. Себебі, бүгінде, сезім сырын сезініп, махаббатпен бас қосқан көптеген жас ерлі-зайыптылар – өмір өткеліндегі түрлі тартысқа тойтарыс бере алмай, сергелдеңге салынып жатқаны жасырын емес. Дәл осы сынды бүгінгі қоғамның өзекті мәселелері - аталмыш мелодрамаға арқау болады.

Отбасылық өмірге екінші рет қадам басар алдында Тасқын - өткен өміріне оралып, бақилық болған жарының ата-анасының алдынан өтеді. Көп ұзамай екі жастың үйлену тойлары да өтеді. Сол сәтте Тасқын да, Қарлығаш та, Тасқынның қыздары да бақытты еді. Бірақ, бұл бақытты сәт – әрі қарай ұзағынан жалғасын таппайды. Балқып-шалқыған тұрмыстық жағдайда өмір сүруге әбден дағдыланған Қарлығаш – Тасқынның қарапайым үйіне келіп, таршылықтың тонын кигендей күй кешеді. Тіпті жас жұбайлар күнделікті күйбің тіршілікте бір-бірімен келісе алмай қалатын келеңсіздіктерге жиі тап бола бастайды. Үйлену - оңай, үй болу - қиынның кебін киген Тасқынның да, Қарлығаштың да жұмыстарында да қиындықтар басталады. Тас пен тауға бас ұрардай бұл кезеңді бас кейіпкерлер бірге өткере ала ма? Жұмысы десе қашан да жанын беретін Қарлығаш - өмірінде өткені бар Тасқынмен құрған шаңырағын шайқалтуы мүмкін бе? Өзі таңдаған тағдырына мойынсұнған Тасқын таңдауына қарсы тұра алады ма?

Сан түрлі сезімге бөлейтін «Қарлығаш ұя салғанда 2» телехикаясы 21.40-та көрсетіледі.

Романтикалық драмада басты рөлдерді Кәмшат Жолдыбаева, Еркебұлан Дайыровтан бөлек, Мерей Мақажан, Алау Қайратқызы, Аружан Қамбар, Тынышкүл Сұлтанбердиева, Жоламан Әміров, Әдина Бажан, Асқар Жұмабек және т.б.актерлар сомдайды.




Соңғы жаңалықтар