Карлагтағы Мамочкино зиратында мемориалдық кешен пайда болады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «Мамочкино кладбище» аталып кеткен зиратта жаңа ескерткіш пайда болады және оның аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бүгін жобаны Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу митингісінен кейін мемориалдық кешен қандай болатыны жайлы айтылды. Шараға облыс әкімі, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, түрлі діни конфессиялардың қызметкерлері, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен облыс тұрғындары қатысты. Митинг-реквием саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналды.

«Бұл орын - жай ғана зират немесе қу дала емес. Бұл жерде үлкен террордың жазықсыз құрбандары жатыр. Олардың көпшілігі тіпті алғашқы қадамдарын да жасауға үлгермей кеткен. Біз мұнда қанша сәби жерленгенін білмейміз. Осы күнге дейін сүйектер табылып жатыр. Біз және болашақ ұрпақ осындай қайғылы жағдай қайталанбас үшін оны мәңгілік естен шығармауымыз қажет. Біз еліміздегі бейбітшілік пен келісімді бағалауымыз керек», - деді ол.

Өңір басшысы Мамочкино зиратының жаңа жобасымен танысты. Өткен жылы нысанды паспорттау және учаскені ресімдеу жүргізілді. Биылғы жылы құрылыс жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр.

«Біз осы жобаны бірнеше жыл бойы жүзеге асырып келеміз. Шығармашылық топқа сәулетшілер Қайрат Жиенбаев пен Юлия Ли, мүсінші Тарас Кишкарев кірді. Жалпы, зиратты қайта құру идеясы бұрыннан пайда болды және жергілікті жұртшылық бұл туралы бұрыннан айтқан болатын. Ал өткен жылы облыс әкімі осы зиратты ретке келтіруге тапсырма берді», - деді суретші, жоба авторларының бірі Игорь Баграмов.

Қайта жаңғыртудан кейін зираттағы темір қақпаның орнына мүсінмен безендірілген кіреберіс орнатылады. Оның орталығында «ана қайғысы» монументі орналасады. Тастан қашалған жылап тұрған әйелдің мүсінін үш жағынан тікенекті сым қоршайтын болады. Жоғарғы жағында ақ тастан жасалған көгершіндер болады. Бұл жерден ұшып кеткен, алайда анасынан алыстап кетуге қимай тұрған балалардың таза рухының белгісі іспеттес.

Сондай-ақ, зират жанында шағын ғибадатхана салынады. Онда үш конфессияның әрқайсысының символдары бар үш кіреберіс бар: мұсылмандар, православие және католиктер. Ішкі - үш бөлек бөлме, олардың әрқайсысы діни канондарға сәйкес рәсімделеді. Бір қабырғада Құран салынған. Қалған екеуінде иконалар бар. Ғибадатханаға үш жағынан кіруге болады.

Сондай-ақ, Мамочкино моласының аумағын абаттандыру жоспарлануда. Мұнда орындықтар, урналар мен шамдар орнатылады. Келушілер мемориалдық кешенге оңай жету үшін кірме жолды ретке келтіреді.

Жұмыс аяқталғаннан кейін зират аумағын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу Долинка мұражайының қарамағына береді.

«Мамочкино кладбище» аталып кеткен зират Қарағандыдан 30 шақырым жерде орналасқан, бір кездері онда қуғын-сүргінге ұшырағандарға арналған Карлаг еңбекпен түзеу лагері орналасқан. 1930-1940 жылдары онда Карлагтың түрлі дерттер мен аштықтан қайтыс болған тұтқындары мен олардың балаларын жерлеген.

Соңғы жаңалықтар