Қарқаралылық жас кәсіпкер замандастарына кеңес берді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Қарқаралы ауылына қарасты Қарабұлақ ауылын 23 жасар кәсіпкер Назарбек Жұмажанов нанмен қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен 16 жасымда Қарағанды банк колледжіне «Құқықтық әлеуметтік қамтамасыз ету» мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқумен бірге жұмысты да қатар алып жүрдім. Алдымен жүк тиеуші сосын сатушының көмекшісі болдым. Мен ылғи өсуге ұмтылып жүрдім. Сөйтіп, бөлім бастығы қызметіне дейін өстім. Бұдан соң кәсіпкер мәртебесіне ие болдым. Жинаған қаржымның арқасында Қарабұлақ ауылынан кішігірім наубайхана аштым»,-дейді кәсіпкер. 

Оның сөзінше, кәсіпкер облыс әкімінен ісін жалғастыру үшін 300 мың теңге көлемінде грант алған. Ол қаржыны нан шығаруға қажетті азықтарды алған.

«Әрине,алдында ісім жүреді ме, жүрмейді ме деген күдік болды. Өйткені, тағам өнеркәсібі оңай шаруа емес. Дегенмен мен ол туралы көп оқып, өзге найбаушылардан тәжірибе алдым. Сөйтіп жүріп бір күні азанмен тұрдым да нан илеп, өзімнің алғашқы бөлкемді пісірдім. Әрине, алғашқы қадам қашан да қиын болады. Бірақ қорықпай алға жылжи берсең ғана бастаған ісіңнің нәтижесін көресің»,-дейді Жұмажанов.

Ол нанды алдымен аздан пісіріп бастаған. Ауылдастары оның еңбегін бағалап бүгінде кәсіпкер 150 түтіні бар өзінің ауылын нанмен қамтамасыз етіп отыр.

Бастапқыда Назарбектің оқу мен кәсіпті қатар алып жүргенін отбасындағылар қаламаған. Бірақ ол өзінің мақсатына жетіп, қазір отбасына көмектесіп, үлкен жоспар құруда.

«Ең бастысы - алға мақсат қою. Содан соң тер төгу керек»,-дейді кәсіпкер өзінің замандастарына.

Соңғы жаңалықтар