Қарқаралыда туризмді дамытудың әлеуеті жоғары -әкім

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Өз қалаларындағы мәселелер жайлы Қарқаралы тұрғындары айтып берді. Бұл туралы ҚазАқпарат әкімдіктің сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Аудандық актив жиналысында кәріз, сумен қамту және жолдарға қатысты сұрақтар көтерілді. Кәсіпкерлер туризмді дамытуда және шағын несие алуға көмектесуді сұрады.

«Мен барлықтарыңызды ауданда бар мәселелерді талқылау үшін жинадым. Бұл кездесу еркін форматта өтсін. Барлық ниет білдірушілер сұрақтарын қоя алады. Мұнда менің орынбасарларым мен басқарма басшылары бар, олар нақты жауаптарын айтады», - деді аймақ басшысы отырысты ашу барысында.

Қарқаралы тұрғыны Серік Жәкеев қала дамып келе жатқанын айтты.

«Жыл сайын тұрғындар саны артып келеді. Қазіргі таңда Қарқаралыда 1800-ге жуық отбасы тұрып жатыр. Адамдар шалғайдағы ауылдардан көшіп келіп, үйлерін салып жатыр. Және де осыған байланысты бізде екі мәселе туындап отыр - кәріз және сумен қамту жүйелері. Табиғи саябақтың жанында ұңғыма бар. Ол жерден қаланың 80 % тұрғындары су алып отыр. Алайда қалғандарында сумен қамтуға қатысты қиындықтар бар. Әзірге бұл мәселе шешілмей тұр» - деп түсіндірді Серік Жәкеев.

«Сумен қамту жүйесіне біз қаражат бөлдік, бірақ сіздер оны меңгере алмадыңыздар. Енді міне, тұрғындар орынды мәселені көтеріп отыр...», - деді Ерлан Қошанов аудан әкімі Халел Мақсұтовқа.

«2013 жылдан бері біз үш рет өтініш бердік. Бірақ бастапқыда қажетті сома 1,5 млрд теңгені құраған болатын, ал қазір ол 2,5 млрд теңгеге дейін көтеріліп кетті. Сумен қамту үшін ЖСҚ дайын тұр. Біз су құбырын Жарлы ауылы арқылы тартамыз. Геологиялық-топографиялық жұмыстарды ескере отырып, аудандық бюджеттен 7,5 млн теңге бөлінген. Мердігер анықталған, жұмыстар аяқталуға жақын», - деп есеп берді аудан әкімі.

Ерлан Қошанов сонымен қатар, Энергетика және ТКШ басқармасының жетекшісі Ұлантай Үсеновке: «Бұл мәселелерді барынша шұғыл түрде шешу керек» деп тапсырма берді.

Ауданда туризм саласын дамыту әлеуетіне Ерлан Қошанов ерекше назар аударды. Ол Қарқаралы Қазақстанның ТОП-50 үздік туристік жерлері рейтингіне енгенін еске салды.

«Үздік ондықтар қатарына ену үшін инфрақұрылымды жақсартып, жолдарды жөндеу қажет. Туризм дамыған соң Қарқаралы ауданында өмір жақсарады. Жуырдағы Жолдауында Елбасы қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға ерекше назар аудару керектігін айтты. Біз барлығымыз осы бағытта жұмыс істеуіміз керек»,- деп атап өтті Ерлан Қошанов.  

Соңғы жаңалықтар