Қарқаралыда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр

None
None
ҚАРҚАРАЛЫ. ҚазАқпарат – Қарқаралыда биыл 18 пәтерлі 6 үй салу көзделіп отыр. Сондай-ақ қала ішіндегі жолдарға орташа жөндеу жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарқаралы ауданының әкімі Елдар Дүйсетаев Қарағанды облысының басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен онлайн-кеңесте 2020 жылдың қорытындысы мен осы жылға арналған жоспарлар туралы айтып берді.

«Облыстық бюджет қаражаты есебінен Қарқаралыдағы спорт кешенінің құрылысы аяқталып, су айдайтын мұнара салынды, бес ауылдық елді мекенге сумен қамтамасыз ету жүйесі жүргізілді. Аудан бойынша төрт мектеп пен Егіндібұлақ ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. 39 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 100 шақырымнан астам жол жөнделді. 6 500 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы абаттандырылды, 281 жарықтандыру бағаны орнатылды», - деді Елдар Дүйсетаев.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл Егіндібұлақта дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Қарқаралыда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 18 пәтерлі 6 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Тұрғын үймен 100-ден астам отбасы қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, сумен жабдықтау жобалары жалғасады. Аппаз ауылында су құбыры желілері қайта қалпына келтіріледі. «Жарлы-Қарқаралы» топтық су жүйесі құрылысын бастау бойынша негізгі жобаға инвестиция қарастырылған.

Облыс әкімі аудан әкімшілігінің жоспарлы жұмысын атап өтті.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 13 жоба жүзеге асырылды. Бұған ауылдық жерлердегі мектептерді, жолдарды, сумен жабдықтау желілерін жөндеу кіреді. Егер жалпы әлеуметтік-экономикалық даму туралы айтатын болсақ, онда негізгі көрсеткіштердің оң динамикасы байқалады. Алда Қарқаралы ауданын дамыту бойынша көп жұмыс бар, сондықтан босаңсымаңыздар!» - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.


Соңғы жаңалықтар