Қарқаралыда медкадрлар тапшылығы мәселесі шешілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарқаралыда медицина қызметкерлеріне арналған үй тапсыруға дайындалып жатыр. Оған 27 адам қоныстанады. Құрылысшылар соңғы әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Қарқаралы ауданына жұмыс сапары барысында пәтерлерді қарап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалада бір кездері қараусыз қалған жатақхана қалпына келтірілді, ол қазір дәрігерлерге арналған жайлы орынға айналмақ. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, пәтерлер қазірдің өзінде бөлініп қойған. Қарқаралыға жас мамандар ауысты, бұл медкадрларға деген қажеттілікті жабуға мүмкіндік берді.

Облыс басшысын бірінші кезекте дәрігерлер қандай жағдайда өмір сүретіні қызықтырды. Пәтерлер қажетті тұрмыстық техникамен және жиһазбен жабдықталған - тоңазытқыш, плита, ас үй және жатын гарнитурлары бар.

«Мен елордада резидентурада оқыдым, бірақ жыл сайын Қарқаралыға тәжірибеден өту үшін келіп отырдым. Аурухана ұжымы өте жақсы, мен көптеген пациенттерді білемін. Сондықтан, олар осында жұмыс істеуді ұсынғанда, мен бірден келістім. Маған пәтер берілді», - дейді жас маман Ақтоты Нұрпозылова.

Биыл Қарағанды облысының медицина қызметкерлеріне 120 пәтер беріледі. Келесі жылы оларға 400 қызметтік пәтер беру жоспарланған.

Өңір әкімі сондай-ақ 320 орындық жаңа ДСК және үстел теннисі орталығында болды. Тұрғын үйлердің құрылыс алаңына барды. Қалада кезекте тұрғандар үшін 72 пәтерлік төрт үй салынуда. Бірақ мердігер үйді тапсыру мерзімі бойынша артта қалып келеді.

«Тұрғындар көптен армандаған қоныс тойын асыға күтуде. Сіздерге ақша бөлінді, ал сіздер үлгермей жатырсыздар!» - деп Жеңіс Қасымбек ашуланды.

Мердігер жағдайды жұмысшылар жетіспейтіндігімен түсіндіруге тырысты.

«Жұмыстарыңызды үдетіңіздер, табыңыздар, басқа қалалардан жұмыскерлерді жұмылдырыңыздар! Заңда барлығы қарастырылған - сіздерге айыппұл санкцияларын қолдануға мәжбүр боламыз», - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы сонымен қатар Егіндібұлақта да болып қайтты. Оның тұрғындары №43 мектеп пен мәдениет үйінің ұзаққа созылған жөндеуіне шағымданды.

«Жөндеу мерзімі бойынша шағымдар бар», - деді Жеңіс Қасымбек мердігерлерге.

Олар мектеп пен мәдениет үйіндегі жөндеу жұмыстары бір ай ішінде аяқталады деп сендірді.

Егіндібұлақ тұрғындары ауылдан қалаға тұрақты автобус рейсінің жоқтығына да шағымданды. Облыс әкімі бұл мәселе екі апта ішінде шешілетініне уәде берді.

Егіндібұлақта келесі жылы қайта құру жұмыстары күтілуде: дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады, сондай-ақ көшелерді жөндеуге және жарықтандыруға шамамен 250 млн теңге бөлінеді.

Қарағайлы ауылында да оң өзгерістер бар. Онда санитарлық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталып, мектеп жөнделуде.

Жұмыс сапары барысында Жеңіс Қасымбек Қарқаралыдан Қарағайлыға баратын жолдың жөндеу сапасын да тексерді. Күн суытқанға дейін мердігер жөндеу жұмыстарын аяқтап үлгеруі тиіс.

«Әрине, Қарағандыдан Қарқаралыға дейінгі республикалық жолдың сапасы өзекті мәселе болып табылады. Ауданның орасан зор туристік әлеуетін ескере отырып, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен осы жолды жөндеуге қаржыландыруды ұлғайту мүмкіндігін пысықтайтын боламыз. Қарқаралы ауданындағы жолдарды жөндеуге қаржыландыру ұлғайтылады», - деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі.


Соңғы жаңалықтар