Қарқаралыда қысқы туризмді дамыту қолға алынды

None
None
ҚАРҚАРАЛЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында қысқы туризмді дамыту қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Хабар 24 агенттігіне сілтеме жасап.

Осыған орай, кәсіп ашамын деген азаматтарға ұлттық табиғат паркі ұзақ және қысқа мерзімге жалға жер беріп жатыр. Бастама жаман емес. Алғашқы ашылған шаңғы тебу алаңы қазір сәтті жұмыс істеп тұр. Думан Бейсенаев шаңғыдан әуесқойлар арасында халықаралық жарыстарға қатысып, талай мәрте жүлделі болған. Жанына жақын кәсіпті табыс көзіне айналдыру үшін жуырда ол Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғат паркінен 5 жылға жалға жер алып, шаңғы базасын ашты. Мұнда туристер мен жергілікті тұрғындар кез келген уақытта келіп, тыныға алады. Ал келешекте жас кәсіпкер бұл алаңда үлкен шаңғы жарыстарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

«Адамдар белсенді келіп жатыр. Қысқы туризм өте жақсы. Әсем табиғаттың аясында шаңғымен жүгіру, таудан сырғанау пайдалы. Келешекте жерді ұзақ мерзімге аламыз деген ойымыз бар. Бұл бастамасы. Бұл жер үлкен шаңғы базасына айналады. Шаңғы трассасына жарық өткізіледі», - дейді кәсіпкер Думан Бейсенаев.

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғат паркіне қарасты 112 мың гектардан астам жер болса, соның 21 мың гектары туристік мақсатта пайдаланылып отыр. Осы жылы 25 жер учаскесі жалға берілген. Онда салынған нысандар сәтті жұмыс істеп тұр. Мұндағы әсем табиғатты тамашалау үшін туристер негізінен жазда көптеп келеді. «Өлкеде қысқы туризмді дамытса, жыл он екі ай үзбей жұмыс істеуге болады», - дейді мамандар.

«Көбіне жазғы мезгілде адам саны көп болады. Қысқы мезгілде бізде арнайы тұрғыда туристік маршрут жоқ, сондықтан жер пайдаланушылар жұмыс істейді. Шамамен айтып кетейін, биылғы жылы бізде 35 мың адам бақылау пунктерінде тіркелген. Соның 10 мыңдайы осы қысқы мерзімде келген туристер. Шетелден де қонақтар болып жатады», - деп атап өтті Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің маманы Назгүл Жұмашева.

Таулы аймаққа тынығып келушілер үшін заманауи демалыс орындары да жеткілікті. Қазірдің өзінде 27 нысан жұмыс істеп тұр. Ал биыл тағы 2 туристік кешен салынған.


Иллюстрациялық фото

Соңғы жаңалықтар