Қарқаралыда Құнанбай мен Абайға ескерткіш орнатылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында Құнанбай Өскенбайұлы мен бала Абайға қойылған ескерткіш ашылды. Салтанатты шараға қазақ халқының кемеңгер тұлғаларының ұрпақтары да келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарқаралының аға сұлтаны Құнанбай қажы өзі мұрындық болып, істің басы-қасында жүріп мешіт салдырған. Халық арасында «Құнанбайдың мешіті» - бүгінгі күні бүкіл республикаға зор мақтанышпен айтуға да, көрсетуге де тұратын мемлекет қорғауындағы тарих және сәулет ескерткіші. Бүгін осы мешітті салдырып, имандылықты насихаттап, мұра ретінде мешіт салып кеткен Құнанбай бабамызға ұрпақтарынан мүсін қойылды.

Қарқаралыда Құнанбай Өскенбайұлы мен бала Абайға қойылған мүсін орнату идеясын аудан әкімі Қалел Мақсұтов тастаған. Ал ескерткішті жергілікті мүсінші Сәкен Дәулетбаев жасап шыққан.

Ескерткіштің ашылуына Шығыс Қазақстан облысынан және Қарағанды облысының Абай ауданынан Құнанбай қажының туыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан арнайы қонақтар келді.

Мүсінді ашу рәсімін Қарқаралы ауданының әкімі Қалел Мақсұтов, Абай ауданы мәслихатының хатшысы Ерлан Ілдебаев , Қосман Ғимранұлы және қала тұрғыны Әлиасқар Қапанұлы өткізді. Аудандық, облыстық Абай оқуларының жеңімпаздары Дүйсен Абылай мен Ормаш Ақерке Абай өлеңдерін жатқа оқыды.

Жиыннан кейін қонақтар Абай тоқтаған үйдің алдында орнатылған Қарқаралының табиғи тасына қашалып салынған Абайдың бейнесін барып көрді. Туындының авторы, Қарқаралы қаласының тағы бір талантты ұлы - Кәрім Манарбек.

Шара соңы мәдениет үйінде Қарқаралының құрметті азаматы Рымбала Кенжебалақызы арнайы жіберген «Құнанбай» фильмін тамашалаумен жалғасты.

Соңғы жаңалықтар