Қарқаралыда ірі қара малдан қарасан ауруы анықталды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына қарасты Мартбек Мамыраев ауылдық округіндегі «Свиридов» қожалығында ірі қарадан қарасан анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарасан ауруы қазан айының ортасында шыққан. Шаруа қожалығының иесі алғашында уланған деп топшылаған. Арнайы зертханалық тексеру нәтижесінде Қарасан ауруы екені анықталды. Жұқпалы кесел салдарынан 4 жасқа дейінгі 11 бас ірі қара арам өлген.

Мамандардың айтуынша, «Қоспақ» қыстағындағы «Свиридов» шаруа қожалығы аумағында қазір карантин жарияланған. Қарасанды жұқтырған төрт түліктің сыртқы бейнесінде өзгерістер пайда болады. Аяқтары ақсап, дене қызуы көтеріліп, селқостық байқалады екен.

«Жалпы бұл табиғи-ошақтық ауру болып келеді. Яғни, малдың жайылым жерлеріне байланысты болады. Мұны тек вакцинамен ғана тоқтата аламыз. Вакцинаның күші 6 айға жетеді. Қазір Қоспақ қыстағында карантин жарияланды», - деп мәлімдеді ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарағанды облысы аумақтық инспекциясының басшысы Ержан Бекетаев.


Соңғы жаңалықтар