Қарқаралыда Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш орнатылды

None
ҚАРҚАРАЛЫ. ҚазАқпарат – Қарқаралыда ұлт ұстазы, Алашорданың белсенді өкілі Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ескерткіш Қарқаралы маңындағы Қорғантас тауының етегінен қазылған тұтас тастан жасалған. Оның авторы – Қарқаралы ауданы мемлекеттік мұрағатының басшысы Манарбек Кәрім. Бұл мүсіншінің ұлт ұстазына арналған екінші жұмысы.

Бұған дейін «Алаш» партиясы көшбасшысының 150 жылдығына арналған ескерткіш Қарағандыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясының ауласында орнатылған болатын.

«Қорғантас тауы Қарқаралы қаласының батыс бөлігінде орналасқан. Мен бұған дейін дәл осындай ескерткіш жасап, осы таудың етегінен алынған қатты тасты қолдандым. Міне, осы жолы да сол тасты қолдандым. Ескерткіштің ені – 2,2 метр, биіктігі – 4,3 метр. Оның салмағы шамамен 5 тонна. Мұндай тапсырыстарды орындау мен үшін үлкен мәртебе», – дейді мүсінші.

Қарқаралы аудандық білім бөлімі ғимаратының жанына қойылған ескерткіштің ашылуына қоғам белсенділері, педагогтер мен қала әкімі Ерлан Құсайын қатысты.


Соңғы жаңалықтар