Кәрім Мәсімов Нұрсұлтан Назарбаев жайлы кітап жазбақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Кәрім Мәсімов республикалық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітап жазу ниеті бар екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұрсұлтан Әбішұлы - ұлы адам. Ол жайында «Елбасы көмекші көзімен» деп аталатын кітап жазамын», - деді К.Мәсімов.

Оның атап өтуінше, кітап барынша қызықты болмақ.

«Жабық» беттері бар кітап қызықты болады», - деді ҚР ҰҚК төрағасы.

Айта кетейік, Кәрім Мәсімов 2016 жылдың 8 қыркүйегінде еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалған еді.

Кәрім Қажымқанұлы 2003-2006 жылдары Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі, Премьер-Министрдің орынбасары болған еді. Сонымен қатар ол 2007-2012 және 2014-2016 жылдары екі рет ел Үкіметін басқарды. ҚР Президенті Әкімшілігіне жетекшілік етті.

Ол бірнеше мәрте өзін Президенттің көмекшісі деп атаған болатын.

«2007 жылы қаңтарда, Нұрсұлтан Әбішұлы, мені алғаш рет премьер-министр етіп тағайындадыңыз. Сол кезде қандай қызметте болсам да, сіздің адал көмекшіңіз боламын деп уәде берген едім. Нұрсұлтан Әбішұлы, бүгін қайта айтқым келіп тұр: мен әлі де сіздің көмекшіңізбін, әлі де шәкіртіңізбін. Қазақстанды дамыту бойынша үлкен істерді жүзеге асыруға менің де қатысуыма мүмкіндік бергеніңізбен мақтанамын», - деген еді Кәрім Мәсімов 2011 жылы.

2014 жылдың 2 сәуірінде қайта Премьер-Министр болған Кәрім Мәсімов Елбасының көмекшісі екендігін тағы да айтқан еді.

«Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз 2007 жылы менің кандидатурамды ұсынған кезде мұны алғаш рет айтқан едім. Бұл жолы тағы да қайталамақпын: Нұрсұлтан Әбішұлы, мен Сіздің көмекшіңіз болдым, көмекшіңіз болып қала берем және барлық уақытта да Сіздің көмекшіңіз боламын», - деген болатын К.Мәсімов.

Соңғы жаңалықтар