Кәрім Мәсімов: Мамыр айында Моноқалаларды дамыту бағдарламасы қабылданады

None
None
АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мамыр айында Моноқалаларды дамыту бағдарламасын қабылдау керектігін айтты.

Оның сөзіне қарағанда, бұл бағдарламаны қысқа мерзімде пысықтау қажет. К. Мәсімов биылғы жылы 20 млрд. теңге Моноқалаларды қолдауға қарастырылғанын айта келе, маусым айына дейін уақытты созбай бағдарламаны сәуірдің аяғына дейін пысықтау керектігін жеткізді.

«Себебі, біз бұдан кейін 2013-2015 жылдарға негізделген жаңа бюджеттік циклға аяқ басамыз. Сондықтан да Моноқалалар мен қолжетімді тұрғын үй, бизнестің жол картасы, жұмыспен қамту секілді маңызды бағдарламалар дұрыс зерделеніп, алдағы бюджет циклына енуі тиіс»,-деді Үкімет басшысы.

Осы орайда Премьер-Министр сәуір айында Моноқалалар бағдарламасын тыңғылықты талқылап, мамыр айындағы мейрамдарға дейін оны қабылдау керектігін қадап айтты.

«Серік Нығметұлы өңірлік саясат жөніндегі комиссияны басқаратын болады. Осыған байланысты тиісті құжатқа қол қоямын»,-деп түйіндеді К. Мәсімов.

Айта кетейік, Елбасының тапсырмасы бойынша әзірленген бұл бағдарламаның мақсаты - орта және ұзақ мерзімді болашақта Моноқалалардың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын анықтау. ҚР Экономика және сауда министрінің мәліметінше, бағдарлама аясында қарастыруға алдын ала 1,5 млн. халқы немесе қалалық тұрғындардың 16 пайызын қамтитын 27 Моноқала іріктелініп алынды.

Бұдан бөлек шағын және орта бизнестің дамуын ынталандыру мақсатында Моноқалаларда да «Бизнестің жол картасы - 2020» және «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламаларының барлық тетіктері пайдаланылатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі кезде Индустрияландыру картасы мен «Бизнестің жол картасы - 2020» аясында 20 Моноқала бойынша 129 жоба іске асырылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар