Кәрім Көкірекбаев ауылдағы бизнестің даму жағдайын тексерді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының әкімі жұмыс барысымен Байзақ ауданына барып қайтты. Сапар барысында аймақ басшысы кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың бірқатар жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды zhambyl.gov.kz.

Әкімнің бірінші барған нысаны Қызыл жұлдыз ауылында орналасқан «ROLA-7» ЖШС болды. Ол жаңа кәсіпорынның жұмыс барысымен танысты. Бұл нан-тоқаш өнімдерін даярлайтын фабрика отандық бизнестің табысты дамып келе жатқанына дәлел бола алады. Өнімдердің ерекшелігі сол - толық абсолютті табиғилығы және өнімге керекті заттар толықтай Қазақстанға тиесілі. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының «Пайыздық мөлшерлеме субсидиялар» тетігі арқылы кәсіпорын 165.5 млн  теңге несие алған. (35 млн теңгесі кәсіпорын соғуға, 92 млн теңгесі керекті жабдықтарды сатып алуға, 38,5 млн теңгесі айналымға жұмсалған ). Биыл кәсіпорын қытайлық инвесторлардың қатысуымен «Индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы бойынша жаңғыртылды. Аталмыш фабрикада 130 адам жұмыс жасайды, оларға барлық жағдай жасалған, сондай-ақ үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі.

Өнімдер «Rola» атауымен Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Астана қаласында сатылады.
Іссапар барысының келесі аялдамасы Бурыл ауылындағы «Бірлік» ауыл шаруашылығы болды. Диқаншылар 33 га жерге қант қызылшасын еккен. Шаруашылық тамшылатып суару жаңа технологиясымен жұмыс істеуде. Суды тиімді пайдаланудың арқасында өнімдердің өнімділік деңгейі артуда.

Сондай-ақ аймақ басшысы Көктал ауылындағы «Дулат» шаруа қожалығына тоқтады. 3000 бас ірі қараны бордақылаумен айналысатын шаруашылықтың жалпы жоба құны 497 млн теңгені құрайды. Шаруа қожалығында 120 тонна ет өнідіріледі.

Кәрім Көкірекбаев Мырзатай ауылдық округінде орналасқан мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясындағы «Ерсан-Жәнай» балабақшасының да жұмыс барысымен танысты. 2016 жылдан бері жұмыс жасайтын балабақша 50 балаға арналған. Аймақ басшысы Кеңес ауылында орналасқан 15 адамға арналған медициналық бөлімшені де назардан тыс қалдырмады. Бұл медициналық аурухананы соғу үшін облыстық бюджеттен 87,4 млн теңге қаржы бөлінген. Орталықты салу жұмыстары ерте көктемде басталып бітуге таяу қалды.

Сонымен қатар, К. Көкірекбаев Дихан ауылында орналасқан «Eco fruit» деп аталатын, 50 га жерге алма өсірумен айналысатын шаруашылықпен, Байзақ ауылында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша соғылып жатқан 300 орындық мектептің құрылысымен танысты. Құрылыс жұмыстарымен «Корпорация Азия құрылыс» компаниясы айналысуда. Жобаның жалпы құны 718.3 млн. теңгені құрайды. 120 жұмысшы еңбектеніп жатқан құрылыс жұмыстары келесі жылдың көктемінде аяқталады деп күтілуде.

Іссапар барысында облыс басшысы Сарыкемер ауылында орналасқан Ғани Мұратбаев атындағы мектеп-гимназиясына соқты. 924 балаға арналған мектеп 1972 жылы соғылған. Оқушылар екі ауысымда білім алады. Гимназияда 80 орынға арналған асхана бар, онда 202 балаға ыстық тамақ беріледі.

Сапар соңында аймақ басшысы Байзақ ауданының қоғамдықпен кездесіп, кемшіліктерді талқылап аудан әкіміне тиісті тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар