Кәрібай Мұсырман: Жемқорлық елдің жетістіктеріне көлеңке түсіріп отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ел басына қиындық туған қазіргі кезде жұрт халық аманатын арқалаған депутаттар не дейді деп, астанаға, Парламентке қарайды. Қазір олар «Парламенттік каникул» деп аталатын демалыста болғанымен, кейбіреулері қоғаммен байланысын үзбей, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде төбе көрсетіп жүр. Солардың бірі – Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Кәрібай Мұсырманға бірнеше сауал қоюдың сәті түсті.

- Елдегі Төтенше жағдай, карантин секілді қиын кезеңде де құлқынының құлы болған жемқорлар әшкереленіп жатыр. Айыптыларды қалай жазалаған дұрыс?

- Иә, «Жау жағдан алғанда бөрі етектен аладының» кері болып тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес тиісті тексерістер, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен «СҚ Фармация» компаниясының бұрынғы басшыларына қатысты тергеулер жүргізіліп жатқаны мәлім. Бұған қоса, жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің жоғары лауазымды шенеуніктеріне қатысты қылмыстық істер қозғалғандығын да хабарлады.

Әрине, айып тағылғандардың кінәсі сот арқылы анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әділ үкім шығарылады деп сенемін. Дегенмен, көптеген адам құрбан болып жатқан індетке қарсы карантин мен төтенше жағдай енгізілген қиын уақытта да арам пиғылдарынан айнымаған алаяқтар мен жемқорларды барынша қатаң жазаға тарту жөніндегі халық талабы орынды. «Құдайын ұмытқандарды» тәубеге келтіру үшін заңды қатайта түсу де қажет шығар деген ойдамын.

- Халық неге ренішті? Неге Тәуелсіздік жылдарын жамандау бел алып барады?

- Халықты ашуландыратын да, ашындыратын да – жемқорлықтың қазіргідей ел басындағы қилы кезеңде де тыйылмай тұрғандығы. Науқас жандар қиналып, өлім аузында жатқанда қолдан дәрі-дәрмек тапшылығын жасап, олардың бағасын қымбаттатуға, алыпсатарлықпен айналысуға жол берілгендігі сұмдық емес пе?! Осындай теріс құбылыстар Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерімізге көлеңкесін түсіргені анық. Өйткені, «Етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?!» демекші, әл үстінде жатқан жақынына ауадай қажетті дәріні таба алмай, шарқ ұрып, дал болған жандардың халын түсінуге болады ғой... Отқа сырттан май құюшылар да аз емес. Оларға керегі де сол – Үкіметтің қателіктер жіберіп, елдегі жағдайдың нашарлай түсуі.

- Елге қандай реформа керек? Не қателіктерді түзеуіміз керек? Алда қазақ елін не күтіп тұр деп ойлайсыз?

- Қандай реформа керектігін Мемлекет басшысы өзінің былтырғы Жолдауында айқындап, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға күш салатынын мәлімдеген. Бұл бағытта жасалған алғашқы қадамдарды жұрт көріп, қолдап отыр. Президент алдағы уақытта мемлекеттік басқару құрылымына өзгерістер енгізілетіндігін де хабарлады. Осының бәрі мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын.

Сөз орайына қарай айта кетейін, мен сенатор Мұрат Бақтиярұлының Білім және ғылым министрлігін екіге бөліп, Ағарту және кәсіби-техникалық білім министрлігі мен Жоғары оқу орындары және ғылымды дамыту министрлігін құру жөніндегі ұсынысын қолдаймын. Бұл аталған салаларды басқаруға сол салаларды жақсы білетін жоғары білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Ал «кадрлар бәрін шешетіндігі» сөзсіз.

Алла бұйыртса, елімізде алдағы уақытта жақсы өзгерістер болады, халқымыз «бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарған» ынтымақ-бірлікпен пандемияны еңсереді, бүгінгі ауыр сынақтан тағылым алып, шыңдалып шығады деп сенемін.


Соңғы жаңалықтар