Кәрібай Мұсырман: Депутаттыққа әрбір саланың мықты мамандары барғаны жөн

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына дайындық қызу жүріп жатыр. Бұл – алтыншы шақырылымдағы өкілді органдардың атқарған қызметін қорытындылап, «халық қалаулыларының» тындырған істеріне сыни көзбен қарап, тиісті бағасын беретін кез. Осы орайда тілшіміз Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Кәрібай Мұсырманға бірнеше сауал қойған еді.

-Кәрібай Иманжанұлы, депутаттық мерзіміңіз аяқталуға жақын. Осы кезеңде атқарған жұмысыңыздың нәтижесіне көңіліңіз толады ма?

-Өзіңе өзің баға беру қиын, ол бағаны сайлаушылар бергені жөн. Әйтеуір, халықтың сенімін ақтау үшін аянбай қызмет етуге тырыстық. Парламент еліміздің заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган болғандықтан, депутаттың басты міндеті – заң шығару процесіне қатысу. Бұқаралық ақпарат құралдарында Мәжілістің сәрсенбі сайын өткізілетін жалпы отырыстарында қабылданған заң жобалары туралы ақпарат жүйелі берілгенімен, жұмыс топтарындағы жан-жақты да қызу талқылау барысы жайлы сирек жазылып-көрсетіледі. Сондықтан жұрт: «Депутаттар баяғыша бірауыздан дауыс беру әдетінен жаңылар емес»,- деп жатады. Мен еңбек, жұмыспен қамту, көші-қон мәселелеріне қатысты 4 заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс топтарына жетекшілік жасадым. Бұған қоса, жұмыс тобының мүшесі ретінде бірқатар заң жобасын талқылауға атсалыстым. Депутат ретінде өз құқығымды пайдаланып, кейбір заңдарға түзетулер енгіздім. Бұл ретте, әсіресе, шет елдердегі қандастарымыздың атажұртқа бет түзеген ұлы көшінің жолындағы кейбір бөгесіндерді алып тастаудың сәті түскендігін айтқан жөн. Қазір олар бір жылдың ішінде Қазақстан азаматы атана алады. Ал әртүрлі себептермен бір жыл ішінде азаматтық алуға қажетті құжаттарын жинап, тапсырып үлгермей, қиындыққа тап болған ағайындардың өтініштерін ескеріп, қолданыстағы заңнамаға Қазақстан азаматтығын оңайлатылған тәртіппен алу үшін оралман мәртебесін үш ай мерзімге ұзарту жөнінде түзету енгіздік. Биыл қандастарымыздың қандас куәлігі мен Қазақстан азаматтығын алу үшін бұрынғыдай екі рет емес, бір-ақ рет құжат тапсыру мүмкіндігін де заң жүзінде қарастырдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «Оралман» деген ойдан шығарылған, жағымсыздау атауды өзгертіп, «қандас» деп заңдастырдық.

«Халықтың көші-қоны туралы» Заңға жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аударудың өңірлік квотасына отбасы құрмаған жалғызбасты қоныс аударушыларды да қосқыздық. Бұл норма Тұңғыш Президент– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан осы аса маңызды бағдарламаның өрісін кеңейте түсері хақ.

-Өзіңіз қолданыстағы заңнамаға енгізген қандай түзету туралы нақты айта аласыз?

- 2018 жылдың басында Солтүстік Қазақстан облысында өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін мәңгі есте қалдыруға елеулі еңбек сіңірген Болат Сағындықов ақсақал менімен жолығып: «1993 жылы қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» Заңда кеткен бір қателікті түзеттіре алмай жүргеніме он бес жылдай болды. Сен – осы жөнінде мен көмек сұрап тұрған Парламенттің 14-ші депутатысың. Саған сенемін...» - деп, мойныма үлкен аманат артты.

Анықтап білсем, аталмыш Заңда «саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккендер ретiнде қуғын-сүргiн кезiнде он сегiз жасқа толмаған және оның қолданылуы нәтижесiнде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары танылады» деп жазылыпты. Яғни, әкесі мен анасының екеуінен бірдей айырылған балалар ғана. Ал Болат ағамыз сияқты әкесі құрбан болғанымен, шешесі аман қалған жетім балалар саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер санатына жатқызылмайтын болып шықты. Әрине, осындай әділетсіздікті түзететін кез жеткені анық. Осыған орай мен қолданыстағы заңнамаға тиісті түзету бердім. Оны сол кезде Мәжілісте талқыланып жатқан әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының мүшелері (жетекшісі – Айгүл Нұркина) мақұлдады. Үкімет пен Сенат тарапынан да қолдау білдірілді. Менің берген түзетуім енгізілген сол заң жобасына Елбасы қол қойып, түпкілікті бекітті. Бұл жаңалықты естігенде жасы сексеннен асқан Болат ағамыз қатты қуанды. Әрине, түзетудің қабылдануы – Тұңғыш Президентіміздің кемел саясаты мен басшылығының арқасында еліміздің экономикасы көтеріліп, қазынамызға халқымыздың әл-ауқатын одан әрі көтеруге қажетті қаражат түскендігінің нәтижесі екендігі сөзсіз.

-Өңірлерде сайлаушылармен кездескенде олар сіздерге өз мұң-мұқтаждарын айтатындығы белгілі. Солардың шешімін табуы қалай?

-Кездесу кезінде сайлаушылардың айтқан өтініштерін блокнотыма жазып алу – бұрыннан қалыптасқан журналистік әдетім. Сондай жазбаларыма сүйеніп, төрт жарым жылда Мәжілістің жалпы отырыстарында Үкімет пен министрліктерге 39 депутаттық сауал жолдадым, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға ондаған хат жаздым. Сөйтіп бірталай өзекті мәселе оңынан шешілді.

Мысалы, 2016 жылғы жазда Петропавл қаласындағы мемлекеттік университет пен колледждерде «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша оқып жүрген 1 мыңнан астам студенттің өкілдері «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында менімен кездесіп, «Қызылорда - Көкшетау» пойызының бағытын Петропавл станциясына дейін ұзартып беруді сұрады. Осы жөніндегі депутаттық сауалыма сол кездегі Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек құлақ асып, «Қызылорда - Астана» пойызын 2017 жылғы ақпан айынан бастап Петропавлға дейін қатынайтын қылды. Қазір «Серпіннің» арқасында қыз алысып-қыз берісіп жатқан солтүстік пен оңтүстік өңірлер тұрғындарының қарым-қатынасына қолайлы пойызды жұрт «Құдалар пойызы» деп қалжыңдай атайды.

2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев және Уәлиханов аудандарында болып, сайлаушылармен кездескенімде жолаушылар пойыздарының қызметін жақсартуға қатысты өтініштер тағы да айтылды. Соған орай мен Инвестициялар және даму министрінің атына хат жазып, «Қарағанды – Омбы» қатынасындағы жолаушылар пойызының Булаево станциясында тоқтау уақытын ұзартып, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетуі қажеттігі және «Астана – Қызылту» жолаушылар пойызына қосымша вагондар тіркеу керектігі жөнінде ұсыныстар жасадым. Нәтижесінде 2018 жылы «Астана – Қызылту» жолаушылар пойызына 2 вагон қосылды. Ал «Ресей темір жолдары» ашық акционерлік қоғамымен өзара келіссөз ұзаққа созылуының салдарынан 2019 жылғы 9 желтоқсаннан бастап қана «Қарағанды – Омбы» жолаушылар пойызы Булаево станциясында бұрынғыдай 2 минут емес, жарты сағат тоқтап, Мағжан Жұмабаев ауданы тұрғындарына да қызмет көрсетуге кірісті.

2016 жылы болған Парламент Мәжілісінің сайлауы қарсаңындағы үгіт науқаны кезінде Солтүстік Қазақстан облысында тұратын бірнеше ата-ана маған психологиялық-педагогтік түзету кабинеттері дамуында ауытқушылық бар балаларды 7 жасқа дейін ғана қабылдайтындығын айтып, шағымданды. Мұндай шектеу науқас балалардың онсыз да шектеулі мүмкіндігін тіпті кемітіп, орынды реніштерін туғызған. Өйткені, 2013 жылға дейін психологиялық-педагогтік түзету кабинеттері даму мүмкіндігі шектеулі балаларға 18 жасқа дейін көмек көрсетіп келген екен. Ата-аналар, міне, сол жас мөлшерін қалпына келтіруге көмектесуімді сұрады. Депутат болып сайланысымен Білім және ғылым министріне сауал жолдап, солтүстікқазақстандық ата-аналар көтерген көкейкесті мәселені көтердім. Көп ұзамай бұл проблема да оң шешімін тапты.

2018 жылғы наурыздың аяғы-сәуірдің басында Қарағанды облысының шалғайдағы Шет ауданына қарасты Ақжал кентінде болдық. Ақжалдықтар ауруханада жатып емделу үшін науқастар әбден ескірген «Жедел жәрдем» көлігімен аудан орталығына, немесе Балқаш қаласына баруға мәжбүр екен.

Кейін Парламенттің бір топ депутаты, сол кездегі облыс әкімі Ерлан Қошановпен кездескенде ақжалдықтардың жаңа «Жедел жәрдем» көлігіне аса зәру екендігін жеткіздім. Өңір басшысы: «Бұл мәселені шешеміз» - деп, уәдесін берді. Сол жылғы жазда Ақжалдағы дәрігерлік амбулаторияға облыстық бюджет қаржысы есебінен жаңа реанимобиль сатып әперілді.

2018 жылғы қазан айында Жамбыл облысына барғанымызда шалғайдағы Мойынқұм ауданындағы Халық қаҺарманы Қайрат Рысқұлбековтің туған ауылы – Бірлікке әдейілеп ат басын бұрдық. Сонда бізбен кездескен ақсақалдар осы ауылдың тумасы, астаналық кәсіпкер Ардақ Терсебаев ауыл жастарына күрес залын салып беру үшін жер учаскесін ала алмай жүргендігін айтты. Астанаға оралысымен мен Ардақ Терсебаевты Интернет арқылы іздеп тауып, мәселенің анық-қанығын сұрап білдім. Ол ауылдастарына берген уәдесінде тұратындығына сендірген соң Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Асқар Мырзахметовке хат жолдап, жәрдемдесуін сұрадым. Сөйтіп бұл мәселе де оң шешімін тапты.

2018 жылдың соңында «Фейсбуктегі» жеке парақшама осы әлеуметтік желідегі «достарымның» бірі Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына қарасты Шығанақ ауылында банкомат болмағандықтан, жергілікті тұрғындар Шу қаласына шапқылауға мәжбүр екендігін хабарлады. Іле мен Жамбыл облысы әкімінің атына хат жолдап, Шығанақтың 4 мыңға жуық тұрғынының мұқтаждығын шешуге көмектесуін сұрадым. Оған жауап қайтарған облыс әкімдігі Шығанақ ауылының тұрғындары үшін «Қазақстан халық банкі» АҚ облыстық филиалы «Гелиос» ЖШС жанар-жағар май құю бекетіне банкомат орнатқандығын хабарлады.

Алайда, сеңі қозғалғанымен, әлі де шешімін таппай тұрған өзекті мәселелер де бар.

-Парламент мүшесінің қолынан келмейтін қандай қиын түйіндер олар?

-Бұл – Қазақстан азаматтығы мен қандас куәлігін алу үшін құжат тапсырғанда қандастарымыздан тұрақты тіркеуді талап ету мәселесі. Атажұртына қоныс аударған ағайындардың бәрінің бірдей көшіп келісімен тұрғынжай сатып алуына қаржылық жағдайлары болмайтындығы анық. Сол себепті олардың бір бөлігі тұрақты тіркеуге тұру үшін тамыр-таныс іздеуге, немесе қыруар ақша төлеп, біреудің үйіне тіркелуге мәжбүр. Осы мәселе заңмен емес, Ішкі істер министрінің бұйрығымен реттелетін болып шықты. Өкінішке қарай, біз қандастарымыздан Қазақстан азаматтығы мен қандас куәлігін алу үшін құжат тапсырғанда тұрақты тіркеу талабын алып тастау туралы Үкіметке хат жазып, өтініш жасағанымызбен, проблеманы толық шеше алмадық.

Бұған қоса, Қазақстанмен тиісті халықаралық шарт жасаспаған Моңғолия сияқты кейбір шет елдерден келген қандастарымыздың зейнетақыға шыққанда олардың еңбек өтіліне орта арнаулы және жоғары оқу орындарында оқу уақыты мен әскери қызмет атқарған уақыты қосылмайтындығы да шешімін күткен мәселе. Үкімет қажетті халықаралық шарттарды жасау ісін қолға алғанымен, оның қашанға дейін созылатыны белгісіз болып тұр.

-Парламент депутаттарының қатарындағы әйелдер мен жастардың үлесін көбейтуге көзқарасыңызды білсек...

-Бұл ретте мажоритарлық сайлау жүйесіне қарағанда партиялық сайлау жүйесінің артықшылығы барын айтқа кеткен жөн. Өйткені, Мәжіліс пен мәслихат депутаттары әр саланың мықты мамандары болуы керек. Әйелдер мен жастардың арасында да осындай білімді де білікті мамандар аз емес. Оларды дұрыс таңдауға партиялық сайлау жүйесі ғана толық мүмкіндік бере алады деп ойлаймын.



Соңғы жаңалықтар