Кардиолог: Жүрегі ауыратындарға ыстық тропикалық елдерге саяхаттау - қауіпті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Жүрегі дімкәс адамдарға жаз мезгілі несімен қауіпті? Жүрек-қан тамырлары ауруы барлар ыстық күндері нені естен шығармаған жөн? СҚО Кардиологиялық орталықтың бөлімше меңгерушісі Тамара Захарова оқырмандарға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ми қайнатар жаздың ыстық күндері денсаулығы жақсы адамның да дегбірі қашып, демалуы қиындайды. Жоғары температурада жүрекке салмақ түсіп, соғысы жиілейді. Ал жүрегі ауыратындардың сырқаты асқынып кетуі мүмкін. Сол себепті жаздың басында дәрігерге қаралып, профилактикалық тексеруден өткен жөн.

«Егер созылмалы ауруларды емдеу дұрыс жүргізілсе, сырқаттардың көпшілігі қалыпты өмір салтын ұстана алады. Мысалы қан қысымы жоғары адам дәрі ішу арқылы қан қысымын сынап бағанасынан 140/90 мм асырмаса өзін шектемеуіне болады. Алайда мұның ауқымды миокард инфарктын алған немесе жүрек жеткіліксіздігінің ауыр түрімен ауыратындарға қатысы жоқ», - дейді кардиолог Тамара Захарова.

Жаз шығысымен саяжайы барларды үйде ұстау қиын. Саяжаймен айналысу, әсіресе зейнет жасындағы адамдардың сүйікті ісі. Көкөніс-жидек егіп, суарып, жүйектердің арасында, күн көзінде сағаттап жүруге бар. Алайда ыстық ауа райы жүрекке салмақ салады.

«Ауыр жұмысты күн астында, қатты ыстықта атқаруға болмайды. Беті қайтқаннан кейін 30-40 минут жұмыс істеп, демалып отыру қажет. Егер алқынып, бас айналып, әлсіздік пайда болса, жүрек тұсыңыз ауырса - бірден жұмысты тоқтатыңыз. Сондай-ақ күн шақырайып тұрғанда ұзақ уақыт басты төмен түсіріп, тізерлеп арамшөп жұлу, жидек жинау - қан айналымын бұзады, қан қысымы күрт көтеріліп, естен тануға, тіпті инсультқа әкеледі. Сондықтан бұл жұмыстарды көлеңкеде, аласа орындықта отырып атқарған жөн», - дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, ауа райына қарамастан күн астында жүргенде бас киімді тастамау керек. Сондай-ақ терлеп тұрғанда, дене тітіркенгенде суға түсуден бас тартыңыз. Ыстықтап тұрып суық суға шомылу - қауіпті. Әсіресе қан тамырлары тартылған жүректің ишемиялық ауруы барларға. Суық су денені құрыстырады, салдарынан жүрек қысып, тіпті миокард инфаркті алуы мүмкін.

Жазғы демалысты көпшілік алдын ала, жарты жыл бұрын жоспарлайды. Біреу денсаулығын түзеу үшін шипажайды таңдаса, енді бірі теңіз жағасындағы курорттарға басымдық береді. Жүрегі ауыратындар, егде жастағы адамдар алыс жолға шығарда, шет елдің демалыс орындарын таңдағанда алдымен өз дәрігерімен кеңескен жөн.

«Мен жүрегі ауыратын адамдарға демалысқа ыстық, тропикалық елдерге бармауға кеңес берер едім. Түркия мен Мысыр елінен гөрі өзімізге жақын ауа райы бар аймақты таңдау қажет. Яғни қоңыржай ылғалды климаты бар Қара теңіз, Балтық теңізі жағалауларына немесе еліміздегі демалыс орындарына басымдық беруге болады», - дейді Тамара Александровна.

Күннің ыстығында еттен гөрі, көкөніс және сүт тағамдарын көбірек ішіп-жеген пайдалы. Тәжірибелі кардиологтың айтуынша, жаз маусымында ағза суды қажет етеді. Тер - ағзаның қорғаныш қызметін атқарады, ал терлеу үшін су керек. Ең дұрысы газдалмаған жай су немесе көк шай ішкен жөн.

Соңғы жаңалықтар