Қарбызды қалай таңдау керек – мамандар кеңесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының бас маманы Ботагөз Толтаева қарбыз таңдау бойынша кеңестерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, нағыз табиғи піскен қарбыз алу үшін тамыздың ортасына дейін күту керек. Маусым айында сатылатын қарбыздар нитратпен үлкейтілген болуы мүмкін. Ағзаға түскен нитрат салдарынан оттегінің жетіспеуі, улану, асқазан-ішек жұмысының бұзылуы, тіпті ауруханаға түсуі мүмкін. Әсіресе, балаларға мұндай қарбыздар қауіпті», - деді Б. Толтаева.

Оның айтуынша, піскен қарбызды сыртқы түрінен анықтауға болады.

«Қарбыздың сырты жылтыр, жолақтары қанық жасыл және ақшыл, қабығы езілмеген, зақымданбаған болуы тиіс. Жақсы қарбыздың пішіні шар тәріздес, сабағы сарғыш және қураған, шамамен 6-10 келі аралығында болады. Егер қарбызда сарғыш дақ көп босла, күн түспей, жерде жатқанын білдіреді. Күн сәулесі мен жылудың жетіспеуінен қарбыз дәмсіз болуы мүмкін», - деді маман.

Қарбыздың іші тегіс әрі алқызыл болса, нитрат қосылды деген сөз. Табиғи жеміс тым қызыл болмауы тиіс. Піспеген қарбызды қаққанда құмығыңқы дыбыс шығады. Бұл – қарбыздың шикі әрі суы көп екенін білдіреді.

Сонымен бірге, Б. Толтаева қауындардың ерекшелігі жөнінде әңгімеледі.

«Қауынның түрі өте көп. Барлығына ортақ бір кеңес – ұрылған, жарылған жері болмауы керек. Піскен қауынды қабығынан байқауға болады. Түсі біртегіс, иісі аңқыған болады. Қауын сыртындағы жасыл жолақтар шикі жемістің де белгісі болуы мүмкін. Піскен қауынды қаққанда қатаң, тұйық дыбыс шығуы керек. Оның сабағы құрғақ, жуан болуы керек. Егер сабақ жасыл болса, жеміс піспеген. Сабаққа қарама-қарсы қауын тұмсығы тым жұмсақ болса, қатты пісіп кеткен, ал жасыл болса – шикі. Жылтыраған қабық ағзаға зиян балауыздардың қолданылғанын білдіреді», - деді Б. Толтаева.

Соңғы жаңалықтар