Каратэден әлемдік лицензиялық жарысқа кімдер қатысады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Каратэден Қазақстан командасы 11-13 маусым күндері Парижде өтетін соңғы лицензиялық турнирге дайындалуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

Құраманың аға жаттықтырушы Дулат Құсбековтің айтуынша, Лиссабондағы премьер-лига турнирі табысты аяқталған. Қазақстандық спортшылар бір алтын, бір күміс және бір қола медальмен оралды. Бұл жаман көрсеткіш емес. Оның үстіне, аталған турнирге әлем үздіктері түгел жиналған. Олимпиада қарсаңында қарсыластарымыздың әлеуетін білу біз үшін артық болмайтыны анық.

«Португалияда ерлер арасындағы жеңіл салмақта Қайсар Алпысбай топ жарды. Ол жартылай финалда өзінің командаласы Дархан Асаділовті жеңген болатын. Ұзақ үзілістен кейін қатарға оралған Дархан да бабына еніп келе жатыр. Естеріңізде болса, Асаділов қоржынымызға алғашқы және әзірге жалғыз жолдаманы салды. Дарханның да, команданың өзге мүшелерінің де дайындығы жақсы деңгейде. Каратэшілер арасында ең соңғы лицензиялық турнир тұр. Аталған бәсеке маусым айында Парижде өтеді. Біз әлемдік іріктеу турниріне қатысатын қыздар командасын және «ката» жаттығуы бойынша жолдамаға таласатын спортшыларды анықтап қойдық. Ал ерлер арасынан таңдау жасау қиындық туғызып тұр. Сол себепті, лицензиялық жарысқа аттанатын ерлер құрамын кейінірек жариялаймыз. Парижге әйелдер арасынан үш спортшыны апарамыз. Олар – Мөлдір Жаңбырбай (50 келі), Сабина Захарова (55 келі), Софья Берульцева (+68 келі). Жолдамаға ие болу үшін спортшылар алғашқы үштікке енуі керек», - дейді аға жаттықтырушы.
Соңғы жаңалықтар