Каратэден ӘЧ қорытындысы: Қазақстан қоржынында бір медаль

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мадридте өтіп жатқан каратэден әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Дархан Асаділов қола медаль иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстандықтар екі салмақ санатында медальдар үшін сынға түсті.

60 келіде өнер көрсететін Дархан Асаділов жартылай финалда жапондық спортшыдан ұтылған болатын. Қола медаль үшін күресте Асаділов әлемдік рейтингте алғашқы орында тұрған латвиялық Калвик Кальнинсті 5:4 есебімен жеңді.

Осылайша, Қазақстан құрамасына Әлем чемпионатындағы жалғыз медалін салды.

Ал 84 келідегі Данияр Юлдашев қола медальдан қол созым жерде тоқтады. Ол әлем чемпионы, ирандық Пуршабтан ұтылып қалды.

Естеріңізде болса, Берлинде өткен Премьер-лига кезеңінде Юлдашев ирандық каратэшіні жеңіп кеткен еді. Сол қателіктен сабақ алған Пуршаб бұл жолы біздің спортшыға мүмкіндік бермеді. 

«Әлем чемпионаты ешбір спортшыға оңай соқпайды. Біріншіден, әлемдік рейтингте жоғары ұпай жинау үшін мүмкін болған халықаралық жарыстар мен Премьер-лига кезеңдерінің барлығына қатысу қажет. Ал әлем біріншілігіне кез келген спортшы қатыса алады. Демек, жыл соңына дейін әбден шаршаған үздіктерді жас каратэшілер тоқтата салуы мүмкін.

Бұл сында мықты деген каратэшілердің өзі жүлдесіз қалды. Әлемнің бес дүркін чемпионы Агаевтың өзі бұл жолы «қолаға» ғана таласты. Біздің командамыз үшін Асаділовтің жүлдесі үлкен жеңіс», - дейді каратэден ұлттық құраманың бас бапкері Жасталап Санауов.

Испанияның Мадрид қаласында каратэден 2018 жылғы Әлем чемпионаты 6-11 қараша күндері аралығында өтті. Оған әлемнің 140 елінен спортшылар қатысты. 

 

Соңғы жаңалықтар