Каратэ шито-рюден ҚР біріншілігінде 600-ге жуық спортшы бақ сынайды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Орал қаласындағы «Жекпе-жек» спорт кешенінде 23-25 қараша күндері каратэ шито-рюден балалар, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, айтулы жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен 14 облыстың командалары қатыспақшы.

Оның айтуынша, каратэ – кең тараған олимпиадалық жекпе-жек түрлерінің бірі. Каратэмен облыста 3 мыңға жуық спортшы айналысады. Оларды 24 жаттықтырушы-оқытушы баптап келеді.

«Ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылар жеткілікті. Соның ішінде каратэ шотоканнан әлем чемпионы Арсен Кулов, дүниежүзілік біріншілік жүлдегерлері Дархан Темірәлиев, Нұрислам Қайырғали, Натали Касикова, Нұркен Хамидолла, Ариан Якубина, Азияда үздік шыққан Меруерт Бурабай, құрлықтық чемпионатта жүлдегерлер қатарынан көрінген Кәмила Жоламанова, Данил Титовты айтуға болады. Бұл жолы Қазақстан чемпионатына Батыс Қазақстан облысынан 87 спортшы бақ сынамақшы», деді Қ.Есендияров.

Қазақстан каратэ федерациясының бас хатшысы Асхат Қосақов қазіргі кезде Оралда жалауын көтергелі отырған чемпионатқа қатысуға 600-дей спортшының тіркелгенін жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай дзюдодан Қазақстан чемпионаты мәреге жеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар