Қарасора-2022: Заңсыз айналымнан 2 тоннаға жуық есірткі алынды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Республика аумағында өтіп жатқан «Қарасора-2022» іс-шарасы барысында 457 қылмыс әшкереленді. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Ақтоты Боранова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда «Қарасора-2022» кең ауқымды жедел алдын алу іс-шарасы жалғасып жатыр. ІІМ операцияны жыл сайын 1 маусым мен 30 қазан аралығында марихуана мен гашиш дайындалатын қарасораның пісіп-жетілуіне байланысты өткізеді. Оның мақсаты – Қазақстан аумағындағы есірткі базасының өсімдік шикізаттарын жою, шетелден есірткі жеткізу арналарын анықтау, сонымен қатар құрамында есірткі хаттары бар өсімдіктерді өсіру және дайындау фактілерінің жолын кесу», - деді Ақтоты Боранова ведомствоның баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, операцияға Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның күш-құралдары, ІІМ арнаулы бөлімшесі және «Ғарыш сапары» АҚ, жол талғамайтын көліктер, тікұшақтар мен ұшқышсыз ұшатын аппараттар жұмылдырылған.

«Маусым айының басынан бері 457 есірткі қылмысы, оның ішінде 235 есірткі сату, 52 ірі көлемде есірткі сақтау, 135 қарасора өсіру және 24 есірткі контрабандасы фактісі анықталды. Бір ұйымдасқан қылмыстық топтың көзі жойылып, жасырын 6 зертхана жұмысына тосқауыл қойды. Заңсыз айналымнан 2 тоннаға жуық есірткі заты, оның ішінде 773 келі марихуана, 61 келі гашиш, 16 келі синтетикалық есірткі және 7 грамм героин тәркіленді. Сонымен қатар 190 мың түптен астам құрамында есірткі бар өсімдік табылып, жойылды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар