Қарасора-2022: Бес айда 1275 есірткі қылмысы тіркелді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қарасора-2022» операциясы кезінде 9,7 тонна есірткі тәркіленді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Бақытжан Әмірханов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы 1 маусым мен 30 қазан аралағында «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Операция кезеңінде республика бойынша 1275 қылмыс тіркелді. Оның ішінде есірткі сатудың 667 (454) қылмысы, 178 заңсыз сақтау және есірткі өсірудің 245 дерегі анықталды», - деді Бақытжан Әмірханов.

Осы орайда ол полиция қызметкерлері 9,7 тонна есірткіні, оның ішінде 2,3 тонна марихуана, 200 келіге жуық гашиш, 113 келі синтетикалық есірткі, 7 тоннаға жуық қарасора тәркілегенін айтты.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл тамыз және қыркүйек айларында Ішкі естер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздің комитеті қызметкерлері Қызылорда және Түркістан облыстарының аумағында тікұшақтармен әуеден барлау жұмыстарын жүргізді. Осы орайда әуе көлігімен марихуана сақтаудың 2 фактісі, есірткі дақылдарын егудің 19 фактісі (жалпы салмағы 5,5 тонна қарасора жойылды) анықталды.

Сонымен қатар ол Жамбыл облысындағы жабайы өсетін қарасора алқабы 148 мың гектардан асатынын айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жыл басынан бері 2,5 мыңға жуық есірткі қылмысы анықталды.


Соңғы жаңалықтар