Қарашада төтенше жағдайға тап болған 533 адам құтқарылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл азаматтық қорғаныс органдарының бөлімшелерін жарақтандыруға республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен 353 техника сатып алынды. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қысқы кезеңде ел аумағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға ұшырайтынын талдау көрсетіп отыр. Қыста адамдардың оқыстан қаза табуына жол бермеу және төтенше жағдайлардан келетін залалды азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені анықталды», - деді ол.

Оның дерегінше, қараша айында төтенше жағдайлар мен оқиғаларды жою үшін ТЖК бөлімшелері 4 719 рет арнайы шақырумен оқиға орнына аттанды (өрттерге – 1292, жану жағдайларына - 1813, авариялық-құтқару жұмыстарына - 894, іздестіру-құтқару жұмыстарына – 99, басқа шараларға – 579, жалған - 42).

«Бұл ретте 533 адам құтқарылды, оның ішінде балалар – 120. Қауіпсіз жерге шығарылған 1 876 адамның ішінде 810 бала болды», - деді В.Беккер.

Комитет басшысының айтуынша, қарашада ауа райының нашарлауынан 15 рет автожолдар жабылды. Шығыс Қазақстан облысында жолдың жекелеген учаскесіндегі қалыптасқан жағдайға байланысты 2 сағаттан 20 сағатқа дейін көлік құралдарының қозғалысына 28 рет шектеу енгізілді.

Соңғы жаңалықтар