Қарашада инфляция 0,7 пайыз болды - Ұлттық банк

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарашада инфляция 0,7 пайыз болды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда биылғы қарашаның қорытындысы бойынша жылдық инфляция 8 айда алғаш рет азық-түлік инфляциясының 11,3-тен 10,9 пайызға дейін, сондай-ақ ақылы қызметтердің 6,9-дан 6,4 пайызға дейін тежелуі аясында 8,9-дан 8,7 пайызға дейін баяулады. Қарашада айлық инфляция 0,7 пайыз болды және 5 жыл ішінде орташа мәннен төмен қалыптасты. Азық-түлік инфляциясының баяулауы өткен жылдың жоғары базасына және Үкіметтің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін ұстап тұру бойынша жүргізіп жатқан жұмысына байланысты орын алды. Соған қарамастан, азық-түлік инфляциясы бұрынғысынша бағаның жылдық өсуіне қосатын үлестің жартысына жуығын - 8,7 пайыздың 4,3 пайыздық тармағын құрайды», - деді Ерболат Досаев.

Оның атап өтуінше, реттелетін коммуналдық қызметтерге тарифтердің қалыпты өсуі аясында ақылы қызметтер бірқалыпты арту динамикасын көрсетіп отыр.

Сонымен қатар, проинфляциялық әсер ішкі өндірушілердің шығыстарына ықпал ете отырып, энергия ресурстарының айтарлықтай қымбаттауына әсер етеді.

Атап айтқанда, жанар-жағармай бағасының өсуі жылдық көрсеткіш бойынша - 22,3 пайыз, оның ішінде бензин – 18,4, дизель отыны 46,6 пайыз болды.

«Ұлттық банктің бағалауы бойынша, тұтыну бағаларының маусымдық-тазартылған аннуализацияланған (жылдық мәнге келтірілген) өсуі 2021 жылғы қарашада 5,6 пайыз болып, соңғы айларда маусымдағы ең жоғары мәннен баяулағанын көрсетті. Алайда, осы динамиканың орнықтылығына қатысты жоғары белгісіздік сақталуда. Инфляцияның жылдық баяулауын және коронавирустың омикрон жаңа штамының пайда болуына байланысты белгісіздіктің өсуі аясында Ұлттық банк биыл 6 желтоқсанда базалық ставканы 9,75 пайыз деңгейінде сақтау жөнінде шешім қабылдады», - деді ҰБ төрағасы.


Соңғы жаңалықтар