Қараша айында Шымкентте бокстан ҚР чемпионаты өтеді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Бокстан биылғы Қазақстан чемпионаты қараша айында Шымкентте өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан бокс федерациясы 2020 жылғы ұлттық чемпионатты өткізетін қала ретінде Шымкентті таңдады. Ерлер мен әйелдер бір уақытта қатысатын чемпионат 23-29 қараша аралығында өтеді. Шымкентте республикалық жарыстарды ұйымдастыра алатындай мол тәжірибе бар. Біз чемпионаттың ойдағыдай өтетініне сенімдіміз», - деді ҚБФ президенті Кеңес Рақышев.

Шымкентте 2017 жылы ерлер арасындағы ел чемпионаты өткен болатын. Сондай-ақ 2019 жылы әйелдердің бокстан 5-ші Жазғы спартакиадасы мен жастар арасындағы ел чемпионаты да осы қалада ұйымдастырылған еді.

Бүгінгі күні коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәліметтері бойынша, Шымкент және Түркістан облысы тұрақты эпидемиологиялық ахуалы бар «жасыл аймаққа» енгізілген. Ол қала мен өңірде инфекция ең аз тіркелген.

«Біз чемпионатты өткізу үшін Шымкенттің бас санитарлық дәрігерінен рұқсат алдық. Барлық облыстардан командаларды қабылдауға дайындалып жатырмыз. Бұл аймақтық ерлер мен әйелдер командалары қатысатын алғашқы бірыңғай чемпионат болмақ. Өкінішке қарай, біз көрермендерді шақыра алмаймыз. Әйтсе де олар барлық жекпе-жекті көруге мүмкіндік алады. Біздің федерация, әрине, командалардың да, жанкүйерлердің де көңілінен шығуы үшін жарыстарды жоғары деңгейде өткізу үшін бәрін жасайды», - деді Шымкент бокс федерациясының атқарушы директоры Рахманбек Арғымбаев.

Чемпионат Qazsport телеарнасынан көрсетіледі. Ұйымдастырушылардың шарттарына сәйкес, команданың барлық мүшелері байқау басталғанға дейін COVID-19 вирусы бойынша тест тапсыруы керек.


Соңғы жаңалықтар