Қараша айында Астана Операда қандай әуендер шырқалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қараша айында «Астана Операның» Камералық залында тыңдарман назарына қазақстандық және шетелдік авторлардың туындыларынан құралған жарқын концерттік бағдарлама ұсынылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

3 қараша күні сағат 12.00-де балаларға арналған «Түрлі дауыстар әлемі» концерті жеткіншектерді опералық вокалмен таныстырады. Музыкатанушы Маржан Жәкенова сопранодан бастап басқа дейінгі опера дауыстарының барлық түрі туралы қызықты да танымды түрде әңгімелесе, театр солистері В.А.Моцарт, Дж.Россини, Дж.Верди, Р.Леонкавалло, Ж.Бизе, Л.Хамидидің туындыларынан танымал ариялар мен дуэттерді, неаполитандық әндер мен т.б. шығармаларды орындайды. Сонымен қатар бағдарламаға «Астана Опера» балалар театрлық студиясының хоры қатысады. Фортепиано партиясында – Раушан Бескембирова, балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.

8 қараша сағат 19.00-де «Қос түсті пернеден төгілген ғажайып» атты фортепианолық дуэттер кеші өтеді. Туындылар шығармашылық дуэт Гүлжан Үзенбаева мен Дана Жұбанова-Әлидің орындауында шырқалады.

Гүлжан Үзенбаева – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Композиторлар одағының мүшесі, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының солисі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы фортепиано кафедрасының профессоры. Дана Жұбанова-Әли еліміз бен шетелде қазақ фортепианолық және камералық музыкасын белсенді насихаттауда. Қазақ ұлттық өнер университеті (ҚазҰӨУ) фортепиано кафедрасының доценті бола отырып, 70-тен астам республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттарын тәрбиелеген. Кеш бағдарламасына Гүлжан Үзенбаеваның екі фортепианоға арналған «Самғау» шығармасы, сонымен қатар Ф.Шуберт, Д.Шостакович, Д.Гершвин, А.Бородин және т.б. жауһарлары енген. Концертке сондай-ақ ҚазҰӨУ студенттері Анна Граб пен Ерлан Серкебаев (доцент Дана Жұбанова-Әлидің сыныбы) қатысады.

12 қараша сағат 19.00-де Қазақстан Композиторлар одағының 80 жылдығына орайластырылған «Көк байрағым, желбіре» концерті өтеді. Осы шығармашылық одақтың бастауында 1939 жылы қазақ композиторлық мектебінің кемеңгерлері – А.Жұбанов, Л.Хамиди, Е.Брусиловский, М.Төлебаев, Б.Ерзакович, С.Мұхамеджанов, Б.Байқадамов және т.б. болды. Академиялық кәсіби музыканың қалыптасуы мен дамуы Қазақстан Композиторлар одағының қызметімен тығыз байланысты.

«Көк байрағым, желбіре» концертінде Әліби Әбдінұров, Серікжан Әбдінұров, Халықберген Әбілжанов, Дулат Әбілдинов, Алья Бескембирова, Кеңес Дүйсекеев, Серік Еркімбеков, Арман Жайым, Тасқын Жармұхамет, Әсемгүл Жұмаділдина, Ләззат Жұманова, Сланқожа Қарақыстық, Ақтоты Райымқұлова, Халық Ризабек, Қарасай Сайжанов, Құрмет Сақай, Марат Сүтішев, Айсұлу Тани, Сәуле Тұяқова сынды қазақстандық сазгерлердің шығармалары шырқалады. Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы – Балнұр Қыдырбек. Жүргізуші – Қуат Бағысбек.

16 және 17 қараша күндері сағат 18:00-де танымал «Экран әуендері» жобасы аясында сүйікті кино таспалардың үзінділерінен тұратын тамаша әуендер шырқалады. «Игрушка», «Джентльмены удачи», «Балалық шағымның аспаны», «Три орешка для Золушки», «Королек – птичка певчая» және тағы басқа фильмдерден әуендер жоба авторы әрі дирижер Әлихан Ыдырысовтың өңдеуінде орындалмақ. Тыңдарман қауымды музыкалық шығармалардың премьералары, комедиялық нөмірлер мен ерекше сценарийлер шаттыққа бөлейді.

20 қараша сағат 19:00-де ақын әрі кинорежиссер Бақыт Қайырбековтің «Табысқан сұхбаттастар» шығармашылық кеші өтпек. Бақыт Ғафуұлы Қайырбеков – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет сыйлығының лауреаты, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы кинематографистер одағының мүшесі, Ресей, Қытай, Германия, Румыния, Түркия, Венгрия, Иран халықаралық кинофестивальдері қатысушысы. Шығармашылық кеште: «Менің Абайым» - ұлы ақынның шығармашылығына арналған өлеңдер, аудармалар, фильмдерден үзінділер, «Алматылықтың өмірбаяны» – «Достар серті» мюзиклінен үзінділер, автордың сөзіне жазылған әндер, сонымен қатар слайд-шоу, клиптер ұсынылады. Сондай-ақ шығармашылық кешке композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Артур Оренбургский, «Астана Опера» камералық хоры, «Астана Мюзикл» және «Астана Балет» театрларының әртістері қатысады.

24 қараша күні 12.00-де «Театрға саяхат» топтамасынан балаларға арналған «Үрлемелі және соқпалы аспаптар отбасы» концерті ұсынылады. Концертте музыка, жүргізушінің сөзі мен жұмбақтар біріктірілген. Ойын үлгісінде балалар музыкалық аспаптардың құрылғысымен, олардың дыбыстарымен танысады. Кішкентай көрермендер нағыз кәсіби үрлемелі оркестрдің орындаушылығынан ләззат алу мүмкіндігіне ие болады. «Астана Опера» үрлемелі аспаптар оркестрі дирижер Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен өнер көрсетеді, музыкатанушы – Мәдениет қайраткері Маржан Жәкенова.

24 қараша сағат 18.00-де «Қазақквартет шақырады» топтамасынан «Бетховенге тарту» концерті өтеді. Музыкалық кеш ұлы композитордың 250 жылдығына арналған концерттер топтамасын ашады. Ғ.А.Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті құрамында Айдар Тоқталиев (1-ші скрипка), Алексей Лебедев (2-ші скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (альт), көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев (виолончель) тыңдармандарды жаңа бағдарламасымен қуантады. №2 ішекті аспаптар квартеті, cоль мажор, ор.18, №9 ішекті аспаптар квартеті («Батырлық»), до мажор, ор.59, №16 ішекті аспаптар квартеті, фа мажор, ор.135 шырқалады. Концерттер топтамасында әртістер неміс классигінің барлық 16 квартетін орындайды.

28 қараша күні сағат 19.00-де классикалық өнерсүйер қауым назарына Вячеслав Узбековты еске алуға арналған Music d’Accordo Astana камералық ансамблінің өнері ұсынылады. Қазақстандағы камералық музыка жанры тамаша пианист, керемет ұстаз, профессор Вячеслав Туркестанович Узбековтың есімімен тікелей байланысты. Оның жеке бағдарламалармен және әртүрлі ансамбльдермен өнер көрсетуі әлемнің көптеген сахналарында, соның ішінде «Астана Опера» Камералық залында үлкен жетістікпен өткен. Ансамбль құрамына В.Т.Узбековтың шәкірттері енген: концертке қатысу үшін АҚШ-тан арнайы келген скрипкашы Евгений Де, сондай-ақ Нигметулла Каримов (альт), Батырхан Хасенов (контрабас), Александр Тараскин (флейта), Дамиля Махпирова (гобой), Әсет Нелдібаев (фагот), Гүлжанат Жанатаева, Салтанат Ақбасова, Ильяс Узбеков (фортепиано). Кеш бағдарламасында Ф.Шуберт, Р.Шуман, Ж.Франсе, Г.Форе, Э.Элгар, С.Франк, А.Мишектың туындылары орындалады.

30 қараша сағат 19.00-де Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы Камералық хорының қатысуымен «Мне довелось испить из родника…» концерті өтеді. Шығармашылық ұжым осы жылы қазақстандық музыкалық қоғам 90 жылдығын атап өтіп жатқан КСРО Халық әртісі, Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының дирижері Анатолий Молодовтың репертуарындағы хор туындыларынан бағдарлама ұсынбақ. Хормейстер – Ержан Сансызбаев, ұжымның көркемдік жетекшісі әрі дирижері – Мәдениет қайраткері Гүлмира Құттыбадамова.

Соңғы жаңалықтар