Қарапайым заттар экономикасы: Түркістан облысында 104 жоба мақұлданды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтің төрағалығымен Өңірлік жобалық кеңсенің кезекті отырысы өтті. Басқосуда «Қарапайым заттар экономикасы» салаларды дамыту, импорт алмастыру және экспорт бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиын барысында Мейіржан Мырзалиев Елбасының бастамасымен қабылданған «қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту бағдарламасы аясында қаржыландыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілгенін атап өтті.

«Жалпы сомасы 60,8 млрд теңгені құрайтын 316 басым жобалар пулы қалыптастырылып, оның ішінде 14,5 млрд теңгені құрайтын 83 жоба екінші деңгейлі банк және «Аграрлық несие корпорациясы» жұмысында тұр, ал 15,2 млрд теңгені құрайтын 104 жоба осы қаржы институттарымен мақұлданған. Жалпы бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, туризм, қызмет көрсету, жеңіл өнеркәсіп және басқа бағыттар бойынша жобалар қаржыландырылды», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, бағдарламаға жеке кәсіпкерлік субъектілерін жаппай қатыстыру арқылы жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бойынша Түркістан облысы жыл соңына дейін өңірлер арасында көшбасшы орынды қолдан шығармай келді. Осындай нәтижелі жұмысқа белсенділік танытқан бірқатар азамат облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапатталған. Олардың қатарында «Аграрлық несие корпорация» АҚ филиалының директоры Қ.Тұрсынқұлов, «АТФ Банк» АҚ филиалының директоры Б.Кәлімбетов, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ филиалының директоры А.Тасқарин және «Банк ЦентрКредит» АҚ филиалының директоры А.Оңалбеков бар.

Жиын соңында Мейіржан Мырзалиев өңірдің көшбасшылығын алдағы уақытта да сақтап, жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін бағдарламаның қолжетімділігін арттыру қажеттігін қаржы институттарының өкілдеріне ескерте кетті. Сонымен қатар, екінші деңгейлі банк, «Аграрлық несие корпорация», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» филиалдары басшыларымен бірқатар кәсіпкердің жобаларын талқылап, жобаларды қарау және мақұлдау процесін жеделдетуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар