Қарапайым заттар экономикасы: ШҚО-да 255 жоба жүзеге асырылмақ

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 255 жоба мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы 2018 жылы қабылданған. Ондағы мақсат - импортқа тәуелділікті азайтып, отандық кәсіпкерлерге ел ішіндегі күнделікті тұтынымдағы тауарлар өндірісін ұлғайтуға барынша қолайлы жағдай жасау.

Шығыс Қазақстанда аталған бағдарлама бойынша 46,1 млрд теңгеге 255 жоба мақұлданды. Бұл жобалар келешекте облыс халқының қажеттіліктерін өтеп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастырады. Бұл жобалардың ішінде екінші деңгейлі банктер желісі бойынша 58, аграрлық несие корпорациясы арқылы 5,4 млрд теңге сомасындағы 197 жоба бар.

«Жеңілдікпен несие берілетін «Қарапайым заттар экономикасы» жобаларының әрбірін егжей-тегжейлі пысықтау қажет. Баса назарды аграрлық секторға аудару керек. Сондықтан облыстың кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басқармаларына соңғы бес жылдағы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында кепілденген және субсидияланған жобалардың саны туралы толық есеп дайындауды тапсырамын», - деді Даниал Ахметов.

Айта кетейік, бүгінде облыс көлемінде банктер мақұлдаған бастамалар ішінде бидай және қара бидай ұнын, түрлі май дақылдарын, құс өнімдерін өндіруге бағытталған ірі жобалар бар.


Соңғы жаңалықтар