Қарапайым заттар экономикасы: Қостанайда 400 жұмыс орны ашылады
Бүгінде «Қарапайым заттар экономикасы» салалық бағдарламасын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Облыста тоқыма өнімдері мен жиһаз, азық-түлік және басқа да тауарлар өндірісі жобаларына қаржы бөлінді.
«Аталған бағытты дамытудың қажеттігі туралы Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында атап өтті. Жергілікті тауар өндірушілерді тұрақты дамыту және ішкі нарықты отандық тауарлармен барынша қамтамасыз ету облыс басшылығының назарында. Біздің облыс «Қарапайым заттар экономикасы» салалық бағдарламасы бойынша республикада 11-ші орында тұр. Сондықтан аудан-қала әкімдіктері жұмысқа қарқын қосу қажет. Қазірдің өзінде 35 млрд теңгеге бағаланған 97 жоба қабылданды. Оның ішінде 9,3 млрд теңге сомасына 30 жоба мақұлданды. Нәтижесінде 400-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік алдық. Мұның сыртында қаржы институттарында 923,5 млн теңге сомасына 7 жоба қаралып жатыр», - деді Олжас Сапарбеков.
Тоқыма және жиһаз өндірісіне қатысты жобалар өңірлік Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп іске асырылмақ. Жоғарыда айтылған 97 жобаның 72-сі агроөнеркәсіптік кешенге бағытталады. Сонымен қатар қауіпсіз қалдықтарды жою, велосипедтер, мүгедектер арбаларын шығару жұмыстары да жоспарға қойылды.