Қараөзен мен Сарыөзендегі жағдай алаңдатады - БҚО

None
None
ОРАЛ. 2 сәуір. ҚазАқпарат - 2 сәуір күні Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде төтенше жағдайларға қарсы облыстық комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда тасқын суға тосқын болатын жұмыстардың барысы тағы бір пысықталды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың төрағалығымен өткен отырыста жалпы әзірліктің жаман еместігі айтылды. Тасқала, Зеленов аудандарын аралап келген комиссия мүшелері көзбен көрген, көңілге түйген жәйттерді ортаға салды.

«Қалада қар тез еріп кетті. Дегенмен көшенің шаңы шығып жатыр екен деп жайбарақат жүруге болмайды. Биыл өзімізде де, Ресейдің көрші облыстарында да қар қоры мол, сондықтан міндетті түрде тасыған су бізге келеді. Әсіресе, Қараөзен мен Сарыөзендегі жағдай алаңдатады. Содан кейін Шаған мен Деркүл өзендерінің тентек мінезін де естен шығармау керек. Оған жайырақ көтерілетін Жайықты қоссаңыз, алдағы қауіптің бейнесі анық көрініп тұр. Әрине, жұмыс ырғақты, жоспарлы және ұйымдасқан түрде жүруі тиіс. Әрбір мекеме өзіне тиесілі нысандарын тағы бір тексерсін. Осал тұстарын бекітсін. Газ, су, электр қуатына жауапты кәсіпорындар арнайы топтар шығарып, қарғында қалуы мүмкін желілерінің тұсында кезекшіліктер белгілесін. Тасқынды тұзақтауға қатысатын арнаулы көліктер кез келген жолмен кез келген жерден еркін, тексерусіз өткізілетін болсын. Қаланың саяжай аумақтарында тұратын тұрғындардың қауіпсіз жерлерге көшуі үшін ескертулер әрбір адамға жеткізіліп, олардың амандығы қамтамасыз етілуі тиіс», - деді Ғұмар Исламұлы.

Отырыста сөйлеген «Қазгидромет» РМК БҚО еншілес кәсіпорнының директоры Қарагөз Елеуованың айтуынша, наурыз айында күннің салқын болуы қардың еруін тежегенмен, 3 сәуір күні жаңбыр күтілуде. Аптаның аяғына қарай аз уақыт күн суытып, түнде 0 -5 градус аяз болады. Бірақ одан кейін күн 10 градусқа дейін жылынбақ. Күні бүгін облыс аумағының 30 пайызында қар толық еріген. Қалғаны осы айдың ортасына дейін еріп болады.

«Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры Қазбек Кенжеғалиев Саратов облысында қар қоры мол екенін мысалға келтірді.

«Сарыөзен мен Қараөзенде, осы өзендер бойындағы су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Қақпалар ашық, ағын суға кедергі жоқ. Дегенмен қос өзеннің сағасында қар өте көп, ол осы аптаның аяғына қарай ери бастайды. Сол кезде үлкен су оңтүстік аудандарға келіп жетуі мүмкін. Оған жауын-шашын қосылса, жағдай ушығады. Сондықтан бұған сақадай сай болуымыз қажет,» - деді Қазбек Кенжеғалиев.

Отырыста облыстық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Қадыр Бисембаев, облыстық жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы Кәрім Жақыповтың, қала әкімінің орынбасары Владимир Дремасовтың, ҚР ТЖ министрлігі азаматтық қорғаныс департаментінің директоры Мейрам Исқақовтың хабарламалары тыңдалды.

2 сәуір күні Тасқала, Зеленов аудандарында болып, су тасқынының алдын алу жұмыстарымен танысқан Ғ.Дүйсембаев ертең тікұшақпен жұмыс сапарын жалғастырмақшы.

Соңғы жаңалықтар