Карантинге қарамастан Ақтөбедегі қоғамдық көлік іші лық толы

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде карантин талабына қарамастан, қоғамдық көліктер жолаушыларды лық толтырып мінгізіп алуда. Осыған орай, автобустарды тексеру басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында карантин режимі 6 сәуір күні енгізілген болатын.

Облыстық Тауалар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның қаулысына сай қоғамдық көліктер таңертең, түсте және кешке 2-3 сағаттан жүретін болып бекітілді. Сонымен қатар жолаушылар салон ішінде отыруы тиіс. Ал артық адам болса, карантин режимін бұзған болып есептеледі.

«Карантин жарияланып, қоғамдық көлік тек арнайы белгіленген уақытпен жүреді. Салонға адамды көп мінгізу бойынша қазір тұрғындар тарапынан шағым бар. Тексеру жұмыстары басталды. Қаладағы екі тасымалдау компаниясына ескерту берілді. Егер карантин режимін бұзу қайталанса, жүргізуші мен кондукторды жұмыстан шығару мәселесі қаралады», - деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашев.

Қазіргі кезде қоғамдық көлік саны үш есеге қысқарып, барлығы 60 автобус 52 бағыт бойынша күнделікті қызмет көрсетіп жүр.

Айта кетейік, автобуспен қатынайтын ақтөбеліктер карантин режимін сақтау мүмкін емес екенін айтып, әлеуметтік желілерге фото, видео жүктеуде.

«Біз Нұр-Ақтөбе ықшамауданында тұрамыз. Таңертең бір автобусқа сыймай, екіншісіне мінуге тура келді. Сөйтіп жолдасым жұмысқа кешігіп барды», - дейді қала тұрғындарының бірі.


Соңғы жаңалықтар